10 там, 2020 сағат 07:50

Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет - Тоқаев

Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында осылай мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді. Ең алдымен, білім игеру. Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады. Екінші, тәрбие мәселесі. Сондықтан, өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет«, - деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы үшінші, жаңа кәсіп игеру қажеттігіне баса назар аудартады. 

»Ақын әр қазақ өз ісінің шебері болса деп армандады. Әсіресе бәсекелестікке толы алмағайып заманда мұның мәні зор. Абай: «Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» дейді. Біз еңбекке, жаңа өнер игеруге деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Байлықтың да, бақыттың да кілті – өзің сүйген кәсіпте. Төртінші, ынтымақ мәселесі. Абай әрдайым қоғамның береке-бірлігін арттыруға ден қойды. Ол «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің – бәрі бос» деп, елді татулыққа шақырды«, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.