Абай сөздері мемлекеттік деңгейде қолдау тапқанда интеллектуалды ұлтқа айналамыз.
Мұндай пікірді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Абайтану және ұлттық руханият орталығының жетекшісі Абат Пангереев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы өз мақаласында интеллектуалды ұлт қалыптастырудың жолының бастауында Абай тұр деп дөп басып айтқан. Себебі біздің ұлтымыздың рухани төлқұжаты – Абай. Бөтен жұрт, басқа халықтар Абайдың сөзі арқылы ұлттық өремізді, дүниетанымызды, өмірге көзқарасымызды танып, сол арқылы бағалайды. Абай – қазақтан шыққан феномен. Абай сөзі өлмейді. Себебі оның сөзінде ұлттық санаға сіңетін, ұлттық қан тамырларының бүлкіліне сеп болатын рух бар. Қай заман болса да Абай сөзі өлмейді. Абай: «Күшік асырап, ит еттім, Ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, Ол мерген болды, мені атты», дейді. Қазір де сондай жағдай бар. Адам пенде болғаннан кейін мұндай астамшылық болады. Міне, Абай баяғыда айтқан жайт қазірде қайталанып келеді», - деді филология ғылымдарының докторы, профессор.
Оның айтуынша, Абай айтып кеткен дүниелер өмірдің кодексі, адамгершіліктің ұстанымы, имандылықтың нағыз көрінісі іспетті.
«Біз Абай сөзін көп айта алмаймыз жүрміз. Ақын сөздері мемлекеттік деңгейде қолдау тапқанда біз тәрбиелі ұлт боламыз. Жастарды тәрбиелеу керек дейміз. Жалпы үлкендерден бастап тәрбиелеу керек. Сол үлкендерге қарап жастар бой түзейді. Интеллектуалды ұлт дегеніміз тек жастар емес, бүкіл халық. Сондықтан Абайдың «толық адам» ілімін барлық жерде насихаттай білуге тиіспіз. Абайдың қара сөздерін, өлеңдерін терең ұғынып, сол арқылы халқымызды тәрбиелесек интеллектуалды ұлтқа айналамыз», - деді Абат Пангереев.