10 там, 2020 сағат 11:58

Абайдың 3 томдық академиялық танымдық жинағы жарыққа шығады

Абайдың 3 томдық академиялық танымдық жинағы жарыққа шығады. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Адамзаттың алғашқы ұстазы Аристотельден бергі бүкіл ұстаздардың, классиктердің қай-қайсымен де Абайды терезесі тең тұратын данышпан деп есептейміз. Қазақстанның Жазушылар одағы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ақынның поэзиялық күнтізбесін шығарды. Сонымен қатар интерактивті кітабын дайындадық. Ол қазір өндірісте. Интерактивті кітапта Абайдың өлеңдері, қара сөздері, әндері, күйлері барлығы дыбысталып орындалады. Оны Қазақ радиосының үздік дикторлары, қазақтың арғы-бергі ғажайып әшілері орындайды. Технологияның озық заманында мұндай кітап таптырмайтын дүние саналады. Оны флешка, дискі түрінде тарата беруге болады», - деді Ұлықбек Есдәулет.

Сонымен қатар ол бүкіл қаржының коронавируспен күреске жұмсалуына байланысты Алматы қаласының іс-шаралар жоспарына кіргенімен іске аспай тұрған бір шара бар екендігін айтты. 

«Ол Жазушылар одағының алдына Абайдың кеуде мүсінін орнату болатын. Одан басқа Абайдың шығармалары 10 тілге аударылып, қазір жарыққа шығып жатыр. Мұнан бөлек М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындаған Абайдың 3 томдық академиялық танымдық жинағы жарыққа шығады. Оған еліміздің Президентінің өзі бас-көз болып, бақылауына алып отыр», - деді Жазушылар одағының төрағасы.

Айта кетейік, қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев бастаған бір топ мемлекет және қоғам қайраткері елордадағы Абай ескерткішіне салтанатты жағдайда гүл шоқтарын қойған еді. 

Естеріңізде болса таяуда Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленді.