03 мау, 2019 сағат 08:25

Абайды жаңаша тұрғыда насихаттау дәуірі басталды - Мекемтас Мырзахметов

2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ел ішінде, сондай-ақ халықаралық деңгейде атап өтіледі. Бұл жөнінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы шыққан болатын. Осыған орай белгілі абайтанушы, профессор Мекемтас Мырзахметов тұщымды пікірін білдірді.

Абайтану ғылымының ақсақалы ақынның 175 жылдығына өзі де «құр қол бармайтынын» айтады. Себебі мерейтойды кең көлемде атап өтуді ортақ парыз санайды.

«Абай. Толық адам ілімі» деген 200 беттік монография даярладым. 1994 жылы «Абайтану тарихы» атты еңбек басылған. Онда көп дүниелер ескі көзқараспен кеткен. Партиялық, таптық принцип деген дүниелер, дәуірлеу мәселесі кетіп қалған. Оның бәрі бүгінгі ғылымға жат. Соларды өзгертіп, 2 том етіп ұсынуға болады. Тағы  бір доцент шәкіртім абайтанудың М.Әуезовтен кейінгі дәуірі туралы жазған. Оны да қайта қарап, жөндеп ұсынбақшымыз. Міне, мерейтойға осылай дайындалып жатырмыз», - дейді профессор.

Ғалымның пікірінше, Абайтану ақпараттық технология дамыған заманда жаңаша сипатта дамуы керек. Ол үшін әуелі Абайға қай тұрғыдан келеміз деген сұрақтың басын ашып алу қажет.

«Абайтану бүкіл Қазақстанда жүріп жатыр. Әсіресе, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында бірнеше ғалым шындап кірісті. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығын тойладық.  Қалай дегенмен де, советтік кезеңнен қол үзбеген дәуір болатын. Ал қазір жаңа дүниетанымға өттік. Бұрынғы атеистік көзқарас терістелді де, «Бізді ұлы сана билейді» дегенге дүниежүзі қол қойды. Қазір бүкіл қоғамдық ғылымдар дағдарыста. Біз де абайтануымызды, өзге де ілімдерімізді осы жолға салуымыз керек. Бұл үлкен стратегиялық қадам», - дейді ол.

М.Мырзахметовтің Абай шығармаларын өзге тілдерге аудару мәселесіне қатысты ұсыныстары да бар.

«Әлем қазақта Ұлы ақын бар екенін алғаш Әуезовтің «Абай жолы» арқылы білді. Білді де, бізден «Абайдың өлеңдерін берсеңдерші» деп сұрады. Содан кейін ғана арабшаға, ағылшынға, орысшаға, қытай тіліне аудардық. Бірақ Абай ұлттық ақын болғандықтан, оны кез келген ақын аудара алмайды. Ұлттық ақынды түсіну үшін, тілді, халықтың рухани табиғатын түсіну шарт. Абай аудармаларының ішінде өзбек тіліндегісі көңіліме жағады. Абайды тап бір түпнұсқадан оқығандай боласың. Ал орысшасында басқашалау кетеді. Олар әуелі жолма-жол аударып алып, құрастыра салған. Абайдың табиғаты танылмаған. Мерейтой қарсаңында осындай кемшіліктер реттелсе екен. Насихат күшейтілуі керек. Теледидардан Абайға қатысты толымды әрі тұрақты хабар жоқ. Абайды жаңа дүние тұрғысынан насихаттау дәуірі енді басталды. Мынау мерейтой - соның бастауы», - дейді абайтанушы ғалым.

ҚазАқпарат