Абай сынаған көп әдеттен әлі күнге арыла алмай келеміз. Бұл туралы көрнекті қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін «Egemen Qazaqstan» басылымына шыққан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында «Абаймен әрбір қазақ мақтануы керек» деп жазыпты. Ол қазақтың ғана емес – дүниежүзінің адамы. Жақсылықты, кісілікті, адамгершілікті, өскенді, өнгенді, білімді, ғылымды ойлайтын адамның бәрі менің білуімше, Абаймен мақтанады. Осы күнді тілеп жүр едік, Президентіміз қол қойып, Абай күні жарияланды. Ақынның туған күні құтты болсын! Той құтты болсын!», – дейді Мырзатай Жолдасбеков.
Сонымен қатар қоғам қайраткері Абай сынаған көп әдеттен әлі күнге арыла алмай келе жатқандығымызға қынжылысын білдірді.
«Абай қазақты жерден алып, жерге салып сынаған. Қазақты сынамаған жері жоқ. Бірақ қазақты жанындай сүйген. Ал өкініштісі, Абай сынаған көп әдеттен әлі күнге арыла алмай келеміз. Қайта оның үстіне бірталай қасірет, қайғы қосылды. Біз осыдан түгел арылуымыз керек. Абайды қайта оқу керек. Абайды қайта түсініп, ұғынып оқуымыз керек. Абайды желіп жүріп оқуға болмайды. Сонда ғана біз Абайға табынамыз. Абайға табынған сайын еліміз де жақсара түсер еді», – дейді ғалым.