Жапонияда қазақ ақыны және ағартушысы Абай Құнанбайұлының жапон тіліне аударылған алғашқы шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Шараға елдің саяси, мәдени және қоғамдық топтарының, сондай-ақ дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім еткендей, Жапония Парламентінің жоғарғы палатасының Спикері Акико Санто іс-шараның басты қонағы болды. Оның айтуынша, Абайдың философиясы адамзаттың қазіргі кезеңдегі барлық қиыншылықтарды, соның ішінде коронавирус пандемиясын еңсеру үшін қажетті даналық пен батылдыққа үйретеді.
Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев биыл Абайдың 175 жылдығы аясында бүкіл әлем бойынша өткізіліп жатқан іс-шаралар Қазақстанның мәдени дипломатиясының дамуына ерекше үлес қосып жатқанын айтты.
Жапония Мәдениет жөніндегі агенттігінің төрағасы Рёхэй Мията өз сөзінде Абай өлеңдерінің және «Манъешю» жапон өлеңдерінің көне жинағының жалпы мазмұны ұқсас болғанына тәнті болғанын атап өтіп, екі ел ежелден Жібек жолы арқылы байланысқанын жеткізді.
Кітаптың түсаукесерін Күн шығыс елінде заманауи жапон поэзиясының «қозғаушы күші» деп аталып жүрген атақты ақын және сыншы Кивао Номура жасады.
Көрермендер әнші Ранканың Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін жапон тілінде орындауын ыстық ықыласпен қарсы алды.
Жалпы алғанда, Абайдың мерейтойы аясында Токиодағы Қазақстан Елшілігі биыл бірқатар іс-шара ұйымдастырды.
Атап айтқанда, Абай шығармаларын мәнерлеп оқу эстафетасына Жапония Парламентінің депутаты және Қазақстанмен Парламенттік достық лигасының төрағасы Такэо Кавамура қатысып, ҚР Парламентінің сенаторы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің челленджіне жауап ретінде жапон тілінде «Қара сөзден» үзінді оқыды.
Сонымен қатар, «Abai World Challenge» халықаралық видеомарафонында Жапония ақындар қауымдастығының президенті Ямада Такааки Абайдың көктемге арналған өлеңдерінің жапонша аудармасын ұсынды. Токио орталық кітапханасында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған кітап және иллюстрациялар көрмесі өтті.
Кітап шығару жобасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінің қолдауымен «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры жүзеге асырды.
Мәтіндердің әдеби аудармасын Токио шет тілдер университетінің профессоры Хироки Сакаи, қазақ әдебиетін зерттеуші Микия Нишимура, жапон-қазақ сөздігінің аудармашысы және құрастырушысы Шигенобу Масуджима орындады.
Абай Құнанбайұлының жапон тіліндегі кітабы аталмыш елдің кітапханалары мен оқу орындарына таратылады.