06 қаң, 2025 сағат 17:54

Абай облысының кәсіпкері қымыздан балмұздақтың 18 түрін шығарады

Фото: ҚР АШМ

2019 жылы 21 жастағы Айдын Серікқазин ерекше идеясы үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан 505 мың теңге грант жеңіп алды. Оның мақсаты – қымыздан балмұздақ жасау болатын. 2020 жылы ол «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында тағы 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл қаржыға жас кәсіпкер Семей қаласында қымыз бен саумалдан балмұздақ шығаратын шағын цех ашты. Айдын өз өнімін «Qazice» деп атап, авторлық құқық пен патент рәсімдеді.

Бүгінде Qazice бренді Қазақстанның бірнеше қаласында танымал. Астана, Алматы, Балқаш, Өскемен, Семей қалалары мен Алакөл демалыс орындарында қымыз, саумал және түрлі жемістерден жасалған 18-ден астам балмұздақ түрлері сатылады.

Кәсіпкер алдағы уақытта Шымкент пен Түркістан қалаларында сату нүктелерін ашуды жоспарлап отыр. Өнім халық арасында жоғары сұранысқа ие болып, ұлттық брендке айналуда.

Сонымен қатар, Qazice бренді шетелде танылу үшін географиялық көрсеткішті тіркеуге өтінім берді. Бұл қадам ұлттық өнімді әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.