24 қар, 2025 сағат 11:05

Абай облысында «ELL QUATY» қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

Фото: ашық дереккөз

Абай облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті тұтыну кооперативі ретінде жасырылған «ELL QUATY» қаржы пирамидасының қызметін әшкерелеп, тоқтатты, деп хабарлайды Ult.kz.

Тексеру барысында ұйымдастырушылар азаматтарды «HALYK QUATY» кооперативіне мүше болуға шақырып, тұрғын үй мен автокөлікті пайызсыз бөліп төлеу арқылы алуға болады деп сендіргені анықталды. Олар пайлық жарналарды енгізуді ұсынып, қоғамдық сенімге ие болу үшін өзін «халықтық кооператив» ретінде таныстырған.

Ұйым halykquaty.kz сайты мен әлеуметтік желілерде «Әр отбасыға бақыт!» ұранымен жарнама жүргізіп, шын мәнінде қаржы пирамидасы болып табылатын қызметін жасырған. Бұған қоса, «HALYK» тауарлық белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін ұйым атауын «ELL QUATY» деп өзгерткен.

Жаңа салымшыларды тарту үшін ұйымдастырушылар түрлі маркетингтік акциялар ұйымдастырған, оның ішінде «Солнечная Турция» туристік жолдамаларын ұтысқа қою да бар.

Пирамиданың басшысы қылмыстық жолмен түскен табысты заңдастыру мақсатында өз атына «QAZ INFO MARKET» ЖШС тіркеп, салымшылардан түскен қаражатты «кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер» үшін төлем ретінде шығарып отырған. Алайда бұл қызметтер шын мәнінде көрсетілмеген.

Нәтижесінде қаржы пирамидасына 1,5 мыңнан астам адам тартылып, олардың жалпы салымы 6,8 млрд теңгені құраған.

Ұйымдастырушы қамауға алынды.
Тергеу жалғасуда.