Ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына орай Берлиндегі Ұлттық кітапханада «Абай оқулары» іс-шарасы және зиялы қауым өкілдермен кездесу өтті, – деп хабарлайды ҚР Ұлттық кітапханасы баспасөз қызметі.
Аталмыш іс-шараға Қазақстан Республикасының Германиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дәурен Карипов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Матыжанов Кенжехан, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаева, облыстық кітапхана басшылары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері, қазақ диаспоралары және студент жастар қатысты. Шарада Үмітхан Мұңалбаева адамзат руханиятына үлесін қосқан Абайды ұлықтау жұмыстары жалғасын табуда екенін жеткізді.
«Абай оқуларын» біз бүгін Германия мемлекетінде өткізудеміз. Ғұлама ғалымның нағыз гуманистік көзқарасын, татулыққа, ынтымаққа, бауырмалдылыққа бастайтын терең болмысын барша әлемге паш ету біздің міндетіміз. Адамзаттың Абайына айналған ақынның ғаламдағы тұғыры барған сайын биіктеп, мәңгі жасай берері сөзсіз», - деді Ұлттық академиялық кітапханасының директоры.