21 жел, 2020 сағат 17:08

«Абай» мен «Әл-Фараби» телехикаялары отандық кино өндірісіне тың серпін берді - Әшімбаев

«Абай» және «Әл-Фараби» атты жаңа телехикаялар отандық кино өндірісіне тың серпін берді деуге толық негіз бар. Өйткені, екі телехикаяның да сапасы, актерлер құрамының шеберлігі жоғары деңгейде.

Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Биыл еліміз ұлы даланың ұлық тұлғалары Әл-Фараби мен Абайдың мерейтойларын атап өтті. Мемлекет басшысы айтқандай, бұл той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін қолға алынған дүние екені белгілі. Осы бір атаулы жылды «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы тамаша түйіндеді десек, артық бола қоймас.

Баршаңызға белгілі, мереке күндері еліміздің басты арнасынан «Абай» және «Әл-Фараби» атты жаңа телехикаялар қалың көрерменге жол тартты. Тәуелсіздік күніне тарту ретінде ұсынылған бұл туындылар отандық кино өндірісіне тың серпін берді деуге толық негіз бар. Өйткені, екі телехикаяның да сапасы, актерлер құрамының шеберлігі жоғары деңгейде.

Шын мәнінде, осындай көркем туындыларды көптен күткен едік. Сол себепті, ерекше ықыласпен қарадық. Әсіресе, «Абайда» ойшылдың естеліктері арқылы сол кездегі қазақтың қилы тағдырына ерекше екпін берілгені көңілге қонымды болды. Осы жерде баршамызға Абай бейнесімен танылып кеткен актер Болат Әбділмановтың талантын айрықша атап өткен жөн», - дейді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ ол сөзінде «Әл-Фараби» сериалы Әбу Насырдың бала күнінен әлемге аты мәшһүр ғұлама болғанға дейінгі өмірін суреттейтінін айтады. Ұлы ұстаздың ғибратты ғұмыры, білім жолындағы қажыр-қайраты әсерлі көрсетілген. Бұл тарихи туындыны нағыз табандылықтың, ғылымға, өнерге деген құштарлықтың, Отанға, туған жерге деген махаббаттың озық үлгісі деуге әбден болады.

«Жалпы, кино өнері – адамның көзқарасына, жан-дүниесіне, моральдық құндылықтарына ерекше ықпал ететіні белгілі. Соның ішінде, өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. Сондықтан осындай тағылымы мол дүниелерді зор қуанышпен қабылдап отырмыз.

Оның үстіне, даланың дара данышпандары Әл-Фараби мен Абай тұлғасы – өмірлік өнеге мектебі екені сөзсіз. Оларды тану арқылы біз ұлт ретінде өзімізді тани түсеміз. Әл-Фараби мен Абайдың өсиеттері арқылы қоғамда білім культін берік орнықтыра аламыз. Ал, бұл қазіргі заманның ең басты талабы екені баршамызға мәлім. Сол үшін Qazaqstan Ұлттық Телеарнасы-ның ұжымына алғысымызды білдіре отырып, ұлттық мүддені өрге жетелейтін осындай тың бастамалар мен жарқын жобалар көп болсын деп тілейміз», - деп жазды Мәулен Әшімбаев.