09 там, 2018 сағат 10:04

Абай қолданған шкаф Сыр өңіріне қалай келді?

Қызылорда облысы Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінде қазақ халқының ардақ тұтар тұлғасы - ақын Абай Құнанбаев тұтынған шкаф құнды жәдігер ретінде жоғары бағаланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құнды жәдігер Сыр өңіріне қалай жетті? Алдымен осы жөнінде әңгімелей кетелік. Шкафты музейге аталмыш аудан орталығы - Тереңөзек кентіне жақын орын тепкен А.Тоқмағанбетов ауылының тұрғыны Ахметбек Іскендіров табыс еткен екен. Бағалы жәдігер алғашқыда Құнанбайдың туысы Тұрған есімді кісіге берілген. Ол өзінің ауылына төркіндеп барғанда оған қазақтың ойшыл ақыны - Абай естелік ретінде аталмыш шкафты тарту етеді.

«Одан кейінгі кезеңде ол кісі қыз босанып, оған Абайдың әжесі - Зеренің есімін қояды. Зере бой жетіп, беріде Сыр өңіріне келін болып түседі. Ол қазір Асқар ауылында тұрып жатыр. Келін болып түскенде оған жасау ретінде осы шкаф та өзімен бірге келеді», - дейді аудандық өлкетану музейінің мамандары.

Ахметбек Іскендіровтің айтуынша, Зере оған нағашы әже болып келеді. Яғни, анасының шешесі екен. Көненің көзіндей дүние осылайша Ахметбек Іскендіровтің отбасына тиеді. Қаншама жылдар бойы көзінің қарашығындай сақтап келген дүниені ол кісі беріде аудандық өлкетану музейіне табыс етіп, халықтың қызыға тамашалайтын құнды жәдігерінің біріне айналды.

10 тамызда Абай Құнанбаевтың өмірге келгеніне 173 жыл толады. Атаулы күнде музей мамандары арнайы іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған.