Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бағдарламалық мақаласында ұлттық жаңғыру, ұлттық кодты сақтау мәселесі ел дамуының негізгі қағидаларының бірі ретінде қарастырылады. Ұлттық кодты сақтау үшін салт-дәстүрлерімізді, тіліміз бен музыкамызды, әдебиетіміз бен жоралғыларымызды болашақ ұрпаққа жеткізу үшін Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.
Осы орайда университет ректоры Такир Оспанұлының тапсырмасымен ағымдағы жылдың 19-29 шілде күндері аралығында білім ордамыз бен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі арасында өзара ынтымақтастықты орнату, ұлы ақынның мұраларымен тереңірек танысу мақсатында Тәрбие басқармасы жанындағы Әлеуметтік бөлім басшысы Е. Шарғынов, «Абайтану» орталығының директоры Ж. Шойымбет және 2 курс докторанты А. Ержанов арнайы іс-сапармен Семей қаласындағы Абай мұражайына барып қайтты.
Танымдық іс-сапар Абай мен Шәкәрім жатқан қасиетті өлке Жидебайдан бастау алды. Жидебайдағы Абайдың қорық-музейіндегі және Абайдың немере інісі, қазақ халқының ардақты ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының соңғы қонысы болған Саят қорадағы құнды жәдігерлермен танысып, Абай мен Шәкәрімнің, Абайдың әжесі Зере, анасы Ұлжанның қабіріне барып зиярат етті. Одан кейін шежірелі Шыңғыстау бөктерінің тарихымен танысып, Мұхтар Әуезовтың туған жері Бөріліге де ат басын тіреді.
Онкүндік іссапар барысында Семейдегі Бас мұражайдағы «Абай жолы: Алашты паш еткен әлемге» және жаңадан ашылған «Алашқа атым шыққан Әсет ақын» атты көрме залдарын, «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражай-үйі ғимараты және Абай Құнанбайұлы білім алған Ахмет Риза мешіт-медресесін тамашалады.
Алдағы уақытта Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті мен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің өзара ынтымақтастығын дамыту және шығармашылық қарым-қатынасты нығайту мақсатында меморандумға қол қойылып, екіжақты ынтымақтастықтың белгісі ретінде музей қызметкерлеріне университетіміздің Тәрбие басқармасы шығарған «Абай айтады» және «Абай лұғаты» атты танымдық кітапшалар сыйға тартылды.
Өз кезегінде музей ұжымы қара шаңырақтың кітапхана қорына Хәкім Абайдың қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілінде жарық көрген өлеңдер жинағын тарту етті.
Іссапар соңында университет өкілдері алыптардың асыл мұрасын көпшілікке насихаттап жүрген мұражайдың ғылыми қызметкерлеріне еңбекте табыс тілеп, зор алғысын білдірді.
Алмат Ержанов,
Ұлт порталы