Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі, ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған.
Бұл туралы Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтылған.
«Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет. Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі, ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз» дей келе, Мемлекет басшысы мақаласында «біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу» екенін атап өткен.
Сондай-ақ, осы мақсатқа жетудің жолдарын айқын көрсеткен: «Ол үшін, ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керек. Сол мақсатта ауқымды жұмыстар атқарылғанымен, отандық білім беру ісінде әлі де олқы тұстар бар. Оны жетілдіру жолдарын сайлау алдындағы бағдарламамда және өткен жылғы тамыз конференциясында нақты атап көрсеттім.
«Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы – осы бағыттағы игі бастамалардың бірі. Бұл – сапалы білім беру ісін жетілдіруге арналған қадам. Жалпы, кез-келген қоғамда ұстаздың орны бөлек. Мұғалімдер білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде аса маңызды рөл атқарады. Ұстазға құрмет көрсетіп, қадірлеу – бәріміздің міндетіміз. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығының мәртебесін көтеріп, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауы керек».