Ағымдағы жылғы 17 ақпан күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Сорбонна – Қазақстан институтында «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға Конституциялық Кеңестің Төрағасы Игорь Рогов, Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми, республиканың ғылыми интеллегенция өкілдері мен жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Конференция жұмысын ҚазҰПУ проректоры, х.ғ.д., профессор М.Е. Ермағанбетов ашты. Конституциялық Кеңестің Төрағасы Игорь Рогов пен Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми кіріспе сөз сөйледі.
Өз сөзінде Конституциялық Кеңестің Төрағасы И.Рогов алдағы конституциялық реформаға тоқталып өтті. Ол «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының негізгі аспектілерімен таныстыра келе, жұмыс тобы түсіп жатқан ұсыныстарды қорыту жұмыстарын жалғастырып жатқанын айтты.
Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми кіріспе сөз сөйлеу барысында Жолдауды орындау және билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу реформасын жүргізу бойынша судьялар корпусының алдында тұрған міндеттерді іске асыру бағытындағы Жоғарғы Соттың жұмысы туралы хабардар етті.
Конференцияның күн тәртібіне сәйкес оған қатысушылар үш секция шеңберінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы тұрғысынан тәуелсіз Қазақстан Республикасының конституциялық-құқықтық даму мәселелерін, жаңғыру кезеңіндегі еліміздің сыртқы саясатының басымдықтары мен экономикалық өсудің жаңа моделіндегі білім беру мәселелерін талқылады.
Конференция барысында ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі – ҚР БҒМ Экономика институтының өңірлік экономика және инновациялық даму бөлімінің меңгерушісі Ф.Г. Әлжанованың, з.ғ.д., профессор С.Н. Сабикеновтің, т.ғ.д., профессор Е.А. Кузнецовтың, з.ғ.д., профессор А.А. Сәбитованың және т.б. қазақстандық танымал ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.
Конференцияға қатысушылар Мемлекет басшысы талқылауға ұсынған Конституцияға түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасына жоғары баға берді. Жұмыс тобының қарауына жолданатын бірқатар ұсыныстар айтылды.
Конференцияның қорытындысы бойынша жаһандану және әлемдік бәсеке жағдайында Қазақстанның қазіргі даму кезеңінде инновациялық экономика, бизнес-ортаны нығайту, сыбайлас жемқорлықпен күрес және жалпы алғанда, адами капиталдың әлеуетін арттыру елді дамытудың, қоғам мен мемлекетті одан әрі демократияландырудың басты факторлары екендігі туралы ортақ пікір айтылды.