10 қаң, 2020 сағат 14:34

Абай арқылы Қазақстанды әлемге танытамыз – Жабай Қалиев

ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының бөлім бастығы, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміз, биыл, яғни 2020 жылы бірнеше маңызды мерейтойды атап өткізгелі отыр. Солардың қатарында Конституциямыздың 25 жылдығын, Алтын орданың 750 жылдығын, әл-Фарабидің 1150-жылдығын, Абайдың 175 жылдығын мемлекет деңгейінде атап өтетін болдық. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына ширек ғасыр толады. Тиісті іс-шаралардың барлығын ысырапшылдыққа жол бермей, мазмұнды ой тудыратын деңгейде өткіземіз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы мерейтойлардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі – ол Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы», - дейді Жабай Қалиев.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласындағы айтылған пікірлері мен тұжырымдары қатты қуантқанын айтты.

«Президентіміз айтқандай, қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше.

Қасым-Жомарт Кемелұлының мақаласының басты ерекшелігі – ол бұл еңбегінде Абай туралы ой-пікірлерін қазіргі заманғы талаптармен үйлесімді ұштастырып отыр. Оның айтуынша, қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді», - дейді ол.

Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқауға болады.

«Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет.

Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр, себебі ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ал біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу.

Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – тіл үйрену. Ақын «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», – дейді. Демек, өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор», - дейді Жабай Қалиев.

Ол қазір ана тіліміздің дамуына назар аударып, оның мәртебесін арттыру керектігіне тоқталды.

«Ағылшын тілін үйренуге де басымдық беру қажет. Жастарымыз неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым мүмкіндігі кеңейеді. Бірақ олардың ана тілін білуіне баса мән берген жөн. Мемлекет басшысының пікірінше, біз Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет. Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Осы міндеттерді халық арасында кеңінен насихаттап, жүзеге асыруға белсенді атсалысу – зиялы қауымның абыройлы парызы деп білеміз», - дейді Жабай Нұрмақұлы.