30 қаз, 2019 сағат 11:55

«Абай» академиясы немен айналысады?

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан «Абай» академиясы ашылады. Бұл туралы бүгін Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының келісіміне сәйкес, «Абай» академиясын ашу жөніндегі нақты тапсырмаға орай біз дайындық жұмыстарын аяқтауға көштік. Жалпы, Абайтану мәселесімен осы уақытқа дейінде құзырлы ғылыми мекемелер айналысуда. Мәселен, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының тұтас бір бөлімі арнаулы тақырыпта жұмыс атқарып жатыр. Енді біздің универсиеттің жанында құрылатын институт та осындай игілікті іске өзіндік үлесін қоспақшы», - деді Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.

Оның айтуынша, институттың миссиясы - Абай мұрасын жан-жақты таныту мақсатында пәнаралық зерттеулер жүргізу, Абайтану бағытында жетекші ғылыми иститут болу, монографиялар, ғылыми жинақтар, оқу әдәістемеліек және жаңа технологияға негізделген құралдар әзірлеу. Басты мақсаты - Абай мұрасы және қазақ қоғамы аясында ұлтың әдебиеті мен тарихын, рухани-мәдени мұраларды, ақыл-ой тұжырымдамаларды отандық, түркілік, әлемдік санатта зерделейтін ғылыми әлеуетті орталық құру.

«Негізгі міндеттері – абайтануға қатысты сан қырлы аспектілерге зерттеулер ұйымдастыру, Абай тұлғасы мен мұрасын жаңа қырынан танытып, дүниежүзі кеңістігіне таныстыру, Абай және қазақ қоғамы жобасы аясында ұлт әдебиеті мен тарихы және мәдениеті деректерін жинақтау жүйелеу, саралау, зерделеу», - деді Ерлан Сыдықов.

Ректордың айтуынша, «Абай» академиясы Қазастанның шетелдегі Елшіліктері жанынан ашылған Абай орталықтарына оқу құралдарын әзірлеу, электрондық оқулықтар даярлау, ұтқыр қосымшалар жасау және әдістемелік көмектер көрсету жұмыстарын атқарады. Институт аяғынан тұрғаннан кейін халықаралық байланыстарды күштейтеді. Осы уақытқа дейін тарихта бар Гете институты, Лермонтов орталығы, Пушкин институты сияқты әлемдік деңгейдегі ғылыми мекемелермен байланыс орнатады.

«Институт Абайдың 2 томдық шығармаларын текстологиялық тұрғыда қайта қарап, толықтырып шығарады. Абайдың ғылыми өмірбаянын әзірлейді. «Құнанбай» тарихи-өмірбаяндық зерттеуі «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен қаңтар жарық көреді. Академия 2020-2022 жылдары ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы 16 зерттеу мен монография, 7 оқу және оқу құралын, 7 қолданбалы танымдық құрал шығарады. Институт жобасының үш жылдық бюджеті 288 млн теңгеге бағаланып отыр. Оның ішінде 2020 жылға – 120 млн, 2021 жылға – 88 млн, 2022 жылға – 78 млн теңге. Айта кету керек, институттық базалық қаржыландыруын ЕҰУ өзі қамтамасыз етеді. Кітаптарды басып шығаруға демеушілер, мецанаттар тартылмақ», - деді ол.