Қазақстанның шет елдердегі бірқатар елшілігінде «Абай орталығы» ашылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Абай есімін АҚШ, БАӘ, Польша, Латвияда ұлықтау аясында сол елдердің пошта маркалары шығарылады. Қазақстанның АҚШ, Қытай, БАӘ, Өзбекстан, Мажарстан, Грекия, Пәкістандағы елшіліктері мен Иранның Горган қаласындағы Бас консулдығы ғимараттарында «Абай орталығы» ашылады», - деп атап өтті ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Сонымен қатар Қазақстанның ұлттық университеттерінің Армения, Италия, Болгария, Латвия, Индонезия, Мысыр, Иорданиядағы серіктес-жоғары оқу орындарында, кітапханалар мен басқа ғылыми-ағартушылық мекемелерінде «Абайды зерттеу орталықтары» да салтанатты түрде ашылады. Мұнан бөлек, 2020 жылғы 14-15 қазанда ЮНЕСКО Атқару кеңесінің 209-сессиясы аясында Париджегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Абайдың 175 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция, тақырыптық көрме және мерейтойлық гала-концерт өтеді.
«ТҮРКСОЙ жәна ИСЭСКО ұйымдарымен де ауқымды мәдени іс-шаралар жоспарлануда», - деп атап өтті ведомстводан.
Естеріңізге сала кетсек, таяуда Ақордада Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысы өткен болатын. Сол жиында 2020 жылдың 8 қаңтарында елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойының басталуына арналған салтанатты шара өтетіндігі белгілі болған еді.