Абайдың 175 жылдығына орай ақынның мүсіні 10 тамыз күні М.Катаев атындағы оқушылар сарайының жанынан орын алады, – деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов мәлім етті.
«Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер бойынша Мемлекеттік комиссия Абай ескерткішінің эскизін бекітті. Авторы - Асқар Нартов. Ескерткіш орнатылатын жер облыстағы ардагерлер мен суретшілердің қатысуымен таңдалды», - дейді Ернұр Дәуенов.
Оның айтуынша, Оқушылар сарайының алдында адамдар демалатын жайлы орындар бар. Мұндағы негізгі идея - оқушылардың санасына ақынның мұрасын сіңіру. Суретші соңғы эскиздерін бір айдың көлемінде ұсынады. Сол кезде биіктігі туралы және басқа да толық ақпарат беріледі. Қалалық әкімдіктің шешімімен 2020 жылдың бюджетіне Абай көшесін абаттандыру жұмыстары енгізілген. Арнайы бастамашыл топ құрылып, жеке меншік үйлердің сыртындағы орамдарды жөндеу бойынша келіссөздер жүргізетін болады.
«Ескерткіш Нұр-Сұлтан қаласында құйылады. Сәулетшімен келісімшарт жасалуда. Мүсін мен тұғырды құюға, көріктендіруге жабдықтаушы жауап береді», - деп атап өтті Ернұр Дәуенов.
Айта кетер жайт, бұл Асқар Нартов дайындаған Абайдың екінші мүсіні. Алғашқысы Қарағанды қаласына орнатылған болатын.