Латвияның Олайне қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу аясында ұлы ойшылымыз сүйіп ойнаған ұлттық ойын –тоғызқұмалақтан халықаралық турнир өтті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы хабарлағандай, жарысты 24-26 қаңтар аралығында латвиялық «Логика» зияткерлік клубы, Қазақстан Республикасының Латвиядағы елшілігі және Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы ұйымдастырды.
Жарысқа Қазақстаннан және Латвияның Рига, Олайне, Елгава мен Озолниеки қалаларынан 24 спортшы қатысты.
Үш күнге созылған додада ұлдар арасында жүлделі орындардың барлығын латвиялық ойыншалар жеңіп алды.
Ал қыздар арасында бас жүлдені қазақстандық Аңсаған Қожанәсіп жеңіп алса, екінші және үшінші орындарды жергілікті ойыншалар қанжығасына байлады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасының Латвиядағы елшілігі мен Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының сыйлықтарымен марапатталды.
Айта кетейік, алғаш рет тоғызқұмалақ Латвияда 2018 жылы жергілікті тұрғындарға таныстырылып, Елшілік пен Федерацияның бастамасымен жарыс өткізілген болатын. Нәтижесінде 2019 жылы Түркияда тоғызқұмалақтан өткен V Әлем чемпионатына Латвияның құрамасы алғаш рет қатысып, мол тәжірибе жинаған еді.