11 шіл, 2019 сағат 06:39

#Abai175: Димаш Қазақстан Президенті жолдаған эстафетаны жалғастырды

Әнші Димаш Құдайберген Абайдың 175 жылдығына орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған эстафетаны қабыл алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әнші Instagram-дағы парақшасында Абайдың «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» атты өлеңін оқыған видеосын жүктеді.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев @tokayev_online ағамыздың маған жолдаған Абай атамыздың 175 жылдығына орай Ұлы ақынның өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын зор құрметпен қабыл алдым». Атамыздың шығармашылығын тағы бір мәрте әлемге паш етуге өз үлестерін қосу үшін осы эстафетаны Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалин ағама @aktobe_akparat, РФ-ның халық әртiсi Игорь Крутой @igorkrutoy65 ағамызға және менің тыңдармандарым #dears-тарға жолдаймын» деп жазды әнші постында.  

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 жастағы мектеп оқушысының эстафетасын қабыл алып, оны білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған еді.

Кеше білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Абайдың «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңін жатқа оқып, эстафетаны еліміздің білім және ғылым саласының қызметкерлеріне, ұстаздарға, ЖОО ректорларына, оқушылар мен студенттерге жолдады.

Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Абай Құнанбайұлы өлеңінен үзінді оқыды. Ол Абай жырларын жатқа оқу эстафетасын Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке және Қазақстанның Еңбек Ері, олимпияда чемпионы Жақсылық Үшкемпіровке, сонымен қатар еліміздің мәдениет, өнер, спорт қайраткеріне жолдады.