02 шіл, 2021 сағат 13:35

Абаев вакцинация мәселесіндегі адам құқығына қатысты пікір білдірді


Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог» алаңында вакциналау ісіндегі мемлекеттің ұстанымы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бұл жерде жалғыз жол бар. Мемлекет екпе алған азаматтар үшін әлеуметтік басымдықтардың тізімін біртіндеп, асыра сілтеусіз кеңейте береді. Қоғамдық орындарға бару, сапарға шығу мүмкіндіктері екпе алғандарда көбірек болады. Адам құқықтарын бұзу мәселесіне келсек, қазір бұл біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде өзекті болып тұр. Батыс баспасөзін оқысаңыз, ол жақта екпе алмаған адамдарды жұмыстан қуып жатыр. Бірақ ешкім конституциялық құқығы шектелгенін айтып, шағымданып жатқан жоқ. Керісінше, вакцинация адамның қауіпсіздігімен байланысты базалық құқығын қорғайды», - деді Дәурен Абаев.

Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары скептиктердің вакцинацияға қарсы келтіріп жүрген аргументтерін мифке теңеді. 

«Мен оларды аргумент дегенше – миф дер едім. Сауалнамаларға сүйенсек, бізде вакциналауға қатысты скептицизм Африка елдеріне қарағанда жақсырақ. Мысалы, көп адамдар діни пайымына байланысты вакцина алғысы келмейді. Бірақ біздің елдегі барлық конфессиялардың басшылары вакцина мен діни қағидалар арасында қайшылық жоқ екенін растады. Әлемдегі ең бір діни мемлекет – Сауд Арабиясы. Сол елдің өзінде қажылыққа бару үшін вакцина паспортын сұрайды», - деді Дәурен Абаев.

Сондай-ақ, ол әлеуметтік желіде вакцина алса да, вирус жұқтырған адамдар туралы тараған ақпараттарға түсінік берді.

«Иә, шынымен ондай жайттар бар. Біріншіден, ондай адамдар сырқатты әлдеқайда жеңіл өткеріп жатыр. Екіншіден, вакцинация көрсеткіші жоғары елдердің сатистикасы вирус жұқтырған 1000 адамның бесеуі ғана вакцина салғызып үлергенін көрсетіп отыр. Әлеуметтік желідегі қорқынышты ақпараттардың көбі – фейк. Журналистер соның бәрін жоққа шығарып үлгермей жатыр. Бір фейктің бетін ашса, орнына тағы үшеуі пайда бола кетеді. Сондықтан вакциналаудың пайдасын түсіндіру ісінде жүйелі жұмыс қажет», - деді Дәурен Абаев.