«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын толыққанды жүзеге асыру мақсатында қолға алынған 120 іс-шараның 20-ы биыл қолға алынады. «Qazaqstan» Ұлттық арнасындағы «Apta» бағдарламасында қонақта болған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«ЭКСПО-2017» көрмесінен кейін не болады деп көп адамдар сұрап жатыр ғой. Көрме ғимараттарының бір жағы - Қаржы орталығы, екінші бөлігі өзге де институт болып ашылғалы жатыр. Соның бір ғимаратын бізге берді. Яғни, біз сол жерде «Astana Hub» деген жастарға арналған арнайы жүйелі ғимаратты береміз. Сол жерде біздің мемлекетте еңбек етіп жүрген компаниялар талантты жастарды тауып, ІТ саласына қатысты өнім керектігін айта алады. Сонда отырған жастар аталған сұранысты қанағаттандырар деген ойдамыз. «Astana Hub» биыл ашылады», - дейді министр.
Дәурен Абаев өз сөзінде цифрландыру саласының ел өміріне пайда әкелер тұстарын айтып берді.
«Екі-үш мысал келтірейін. Мысалы, бізде ауылда малын сойып өткізуге ниетті кісілер көп. Сол малды ауыл адамдары үшін қалаға апарып, сату мәселесі бар. Біздің елімізде бәрі электронды сауданы қолға алып, жұмыс істесе, интернет болса әлгі ауыл адамдары үйінде отырып-ақ, малын онлайн-базар арқылы сата алады. Одан басқа ауыл адамдары кез келген құжатты алу үшін аудан орталығына немесе қалаға барады. Ал тың жүйе арқылы ол адамдар көптеген анықтамаларды үйінде отырып-ақ ала алады», - дейді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, жаңа технологиялар арқылы дәрігерлер тіпті қашықтықта да ота жасай алады.
«Қазір Астанада суып кетті деп бәрі айтып жатыр. Күн суық болғаннан кейін құжаттар үшін сонау алыстағы ХҚКО-на баруға тура келеді. Ал цифрландыру жүйесі арқылы адамдар қажетті анықтаманы үйде отырып ала алады. Одан басқа аудандарда қиын операцияларды жүргізу мүмкіндіктері пайда болады. Бір жағынан Алматыдан, Астанадан немесе Қарағандыдан ауылдарға дәрігер жеткізу оңай емес. Сәті түсе ме, түспей ме - белгісіз. Онлайн арқылы видеокамералармен екі дәрігердің бірі (екіншісі науқастың қасында - авт.) Алматыда қажетті кеңес беру арқылы отаны жүргізе алады. Мысалы, күрделі отаны жүргізетін 2-3 маман ғана болуы мүмкін. Ол маман бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпіріне жете алмаса да, арнайы телеэкран арқылы операцияға көмегін көрсете алады», - дейді Дәурен Абаев.
Министр цифрландыру жүйесінің білім жүйесіне де көп пайда әкелетінін тілге тиек етті.
«Білім жүйесіне келер болсақ, ауылдарда кітап, маман, мұғалім жетіспейді деп жатады. Цифрландыру сол сұрақты да шеше алады деп ойлаймыз. Өйткені, дүние жүзінде онлайн сабақ беру тәсілдері өте жақсы дамып келеді. Сондықтан, бұл жерде де мұғалімдер де онлайн курстарды жүргізе алады. Себебі, ауылдар мен қалалардың арасы алшақтап барады деп жатыр ғой. Жаңа технологиялар арқылы ауыл мен қаланы біріктіре аламыз деген ойдамыз. Елбасы бізге осындай тікелей тапсырма берді. Осының бәрін біз зерттеп, Президенттің өзі қолдап, біз 2017 жылдың желтоқсан айында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қолға алдық», - дейді ол.
Дәурен Абаев айтып өткендей, биыл аталған бағдарлама бойынша 2018 жылдан бастап 120 іс-шараның 20-сы қолға алынады.