05 ақп, 2020 сағат 11:53

Абаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаңа жобалары туралы айтты

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаңа жобаларын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы жылдың 20 қаңтарында министрлік Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторларымен бағдарламаны жергілікті деңгейде жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Мемлекеттік инспекторларға жергілікті деңгейде бағдарламаның жүзеге асырылуын қадағалау мақсатында әр өңір бойынша әдістемелік материалдар ұсынылды. Сонымен бірге құжат айналымдарын азайту үшін өңірлердің есебін өзіңіздің алдыңызда тоқсан сайын тыңдауды ұсынамыз», - деді Дәурен Абаев Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Ақордада өткен ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысында.

Министр атап өткендей, аймақтарда осылайша жоспардың орындалғанына жедел мониторинг жүргізіп отыруға болады.

«Алдағы жылда мемлекеттік тапсырыс аясында жаңа жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін дәстүрлі музыканы насихаттау бойынша жобалар, кәсіпкерлік сала мен ұлттық өнер түрлері бойынша, әлемдегі жаңа технологиялар тұрғысында, сонымен бірге балаларға арналған анимациялық жобалар баршылық. Дәстүрлі музыка мен күйлердің, Абай Құнанбайұлының шығармалары мен қазақстандық авторлардың 100 жаңа оқулығын алға жылжыту бойынша аудиоподкасттар әзірленеді», - деді Дәурен Абаев.

Айта кетсек, оның алдында министр «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2020 жылға арналған жаңа жоспарын таныстырған болатын.