07 ақп, 2019 сағат 22:25

Абаев: Аналарға көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың тиімділігі артатынына сенемін

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсарту бойынша құрылған жұмыс тобынан үміт күтетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарында жүргізуші Дәурен Абаевтан елордадағы бес баланың өліміне қатысты сұрақ қойған еді.

«Шынында да, өте қайғылы жағдай болды. Президент қайтыс болған балалардың ата-анасы мен туыстарына көңіл айта отырып, мұндай жағдайдың ешқашан қайталанбауы үшін тиісті тапсырма берді. Қазақта «Атам-ай деп жылатсаң да, ботам-ай деп жылатпа» деген сөз бар. Өзіңіз білетіндей, күні кеше ғана еліміздегі азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсарту бағытында жұмыс тобы құрылған болатын. Сонымен бірге, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту туралы міндет жүктелген еді. Ол жұмыс тобын вице-премьер Ерболат Асқарбекұлы Досаев басқарды», - деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуына қарағанда, жұмыс тобының қызметін Мемлекет басшысының өзі жіті бақылауына алмақ.

«Жұмыс тобы ұсынған шаралар аналарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттырарына сенімдімін», - деп түйді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың отставкаға кетуі жөніндегі әлеуметтік желідегі талапқа қатысты пікірін білдірген болатын.

«Алайда, менің ойымша, балалардың өліміне министр Әбілқасымоваға ғана бар кінәні арту әділетсіз болар еді. Келісемін, ешкім де жауапкершіліктен жалтармауы керек. Айналып келгенде, біз - бүкіл мемлекеттік аппарат - елімізде болып жатқан барлық жайларға жауаптымыз.

Бір нәрсені түсінуіміз керек, осы қайғылы оқиғаға бір ғана емес, бірнеше фактор себеп болды және барлық мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысы шеше алады деуге келмейді. Мәдина Ерасылқызының өзі де, әйел ретінде, үш баланың анасы ретінде бұл жағдайды ауыр қабылдады. Сол себепті, тек конструктивті сын қалып, арандату тоқтайды деген үміттемін. Оның үстіне мен министр Әбілқасымованы өз ісіне адал кәсіби маман ретінде білемін», - деген еді Дәурен Абаев.