19 қаз, 2019 сағат 09:56

Қаламгерлер Алматы әкімінің грантын иеленді

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаламгер қауыммен кездесіп, атаулы гранттарды тапсырды, - деп хабарлады қала әкімдігінің сайты.

Гранттар – тамыз айында Жазушылар үйінде әдебиет шығармашылығы қызметкерлерімен болған кездесуде айтылған қолдаудың бір шарасы. Грантқа үміткерлерді Қазақстан Жазушылар одағының комиссиясы анықтайды. Грант сомасы – 500 мың теңге. Қазақстан Жазушылар одағының 820 мүшесінің 360 Алматыда тұрады.

Қала әкімі осы жылы Қазақстан Жазушылар одағының тарихи ғимаратын жөндеу басталатынын, нысанның бұрынғы сәулет көркін сақтау басты шарттың бірі екенін атап өтті. Келер жылы Әдебиетшілер үйін жөндеуден өткізу жоспарланған.

«2021 жылы біз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз, келер жылы – ұлы Абай мен әл-Фарабидің мерейтойлары. Сіздердің сценарийлерді, қойылымдарды, әдеби шығарманы әзірлеуге қосатын үлестіріңіз өте бағалы» - деді Бақытжан Сағынтаев.

Ол қоғамға рухани бағдардың қажет екенін атап өтті. Өз кезегінде, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қолдауға, әсіресе жас жазушыларға көрсетілген сенімге алғыс сөзін айтып, ризашылығын білдірді.

«Бізге, халықтың өкілі ретінде әкімнің естуі маңызды, демек ол қалалықтардың қажеттіліктері мен үміт-ниетін біледі деген сөз. Біз өз тарапымыздан қала қоғамдастығын дамытуға өз үлесімізді қосу үшін барлық мүмкіндіктерді жасайтын боламыз» - деді Ұлықбек Есдаулет.

Әкімнің гранттарын алғандар ішінде жазушы-драматург Софы Сматаев, ақындар Темірхан Медетбек, Исраил Сапарбай, Надежда Чернова, Патигүл Мақсатова, Любовь Шашкова, жас қаламгерлер Дархан Бейсенбекұлы, Мақсат Мәлік, Қанат Тілеухан, Нұртас Тұрғанбек, Жандарбек Жұмағұлов, Әсел Кәрібай, Досхан Жылқыбай, Ирина Гумыркина, аудармашы Нина Скаловская, сыншы Бағашар Тұрсынбайұлы және басқалары бар.