26 шіл, 2016 сағат 18:43

756 сұраққа сайт арқылы жауап қайтарылды

Бүгінгі күнге дейін еліміздегі жер реформасын түсіндіру үшін құрылған Jerturaly.kz сайтына қазақстандықтардан 947 сұрақ келіп түсіп, соның ішінде 756-сына жауаптары дайындалып, сайтқа орналастырылған. Қалған 191 адамның сұрағына жауаптар дайындалуда. Бұл туралы бүгін Атырауда өтіп жатқан Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның отырысында Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Е. Нысанбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, халықтан жиналған сұрақтарды талдасақ, жеке тұрғын үй құрылысына жер бөлуге байланысты – 114, ауыл шаруашылығына  — 357, шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру мәселесі бойынша – 176 және басқа да сауалдармен 300 хат келіп түскен.

Министрдің орынбасары аталған сайтпен қатар халықтың ұсыныстары мен пікірлерін жинап, комиссияға жеткізу мақсатында Call-орталық құрылғанын атап айтты.  Осы орталыққа 2016 жылдың 14 мамырынан бастап 23 шілдеге дейін 12 458 қоңырау шалынған. Аймақтық call-орталықтардың арасында ең көп қоңырау соғылғандары: Алматы қаласы (1049), Ақтөбе (842), Алматы облысы (608) және Батыс Қазақстан облысы (580). Ең аздары – Солтүстік Қазақстан (28), Қостанай (103) және Қарағанды (114) облыстары. Атап айтарлығы, осы орталыққа келіп түскен сауалдардың басым көпшілігі – (9583-і, 77 пайызы) жеке тұрғын құрылысына қатысты болған.

Е. Нысанбаев Жер реформасы бойынша республикалық комиссияның бүгінге дейін 8 отырысы өткенін, соның ішінде 4-уі – Астанада, қалғандары – Ақмола, Алматы, Қызылорда облыстарында және Атырауда өтіп жатқанын жұртшылықтың есіне салды. Оның айтуынша, республикалық комиссияның филиалы ретінде облыстық әкімдіктер жанынан құрылған қоғамдық кеңестер халықпен аудандық және облыстық деңгейде 1,2 мыңнан астам кездесулер өткізген. Осы кездесулерге 70 мыңнан астам адам қатысыпты. Бұл көрсеткіштің өзі аталған комиссияның халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, тиімді жұмыс істегенін білдіреді. Жалпы алғанда, еліміздің әр аймағының тұрғындарының комиссия жұмысына белсене араласуы, өз ой-пікірлерін ашық, еркін жеткізуі ел аумағында әлеуметтік және қоғамдық маңызы зор мәселені кеңінен талқылауға мүмкіндік берді. Бұған құзыретті комиссия мүшелерінің белсенділігі, кәсібилігі, мемлекетшілдігі өз септігін тигізді.

Әмірлан Әлімжан