22 қаң, 2019 сағат 11:02

«7–20–25» бағдарламасы аясында 52 млрд теңгеге 4350 өтінім мақұлданды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру барысы қаралды.

«7–20–25» бағдарламасын іске асыру барысы туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев баяндады. Аталған бағдарлама қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған. Қатысу шарттары өткен жылдың ортасында бекітілді. Ипотека нарығын дамыту үшін заңнамалық түзетулер енгізілді. Бағдарлама операторы – «Баспана» ұйымы құрылды. Бағдарлама 2018 жылғы шілдеде іске қосылды. Бағдарламаны іске асыруға 8 банк қатысады.

Биылғы 17 қаңтардағы жағдай бойынша «7–20–25» бағдарламасы аясында 52 млрд теңгеге 4350 өтінім мақұлданды. Осы уақытта 17 пайыз өтініш берушіге немесе 1237 өтінім бойынша қарыз беруден бас тартылды. Бас тартуға негізгі себеп - кредиттік тарихының нашарлығы және жеткілікті кірістің болмауы

«Бағдарламаны іске асыру барысы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жүйелі түрде жарияланады. Тәулік бойы колл-орталық жұмыс істейді. Ұлттық банктің аумақтық бөлімшелері мен “Баспана” ипотекалық ұйымы барлық өңірлердегі халықпен және еңбек ұжымдарымен кездесу өткізуде. Халықпен белсенді түрде түсіндіру жұмысын жүргізуге 6 млн-нан астам азамат қамтылды», — деді Д. Ақышев.

ҚР Ұлттық банкі Бағдарламаны жандандыру үшін бірқатар шараны ұсынады:

  • тұрғын үйге сұранысты, демографиялық өсімді және халық көші-қонын ескере отырып, тұрғын үй құрылысын еліміздің перспективалық өңірлерінде қамтамасыз
    ету;

  • ЖАО-ға «Баспана» ИҰ қаражаты есебінен тұрғын үй салуға қаржы тарту құқығын беру;

  • «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлерді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы салымшылар мен кезекте тұрғандарға және барлық азаматтарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыздар арқылы сату.

  • Тұрғын үй сертификаттарын беру нақты сипатқа ие болуы керек және Бағдарламаның басында ғана болуы мүмкін;

  • Үкіметтің Бағдарламаға меншік құқығында баспанасы бар азаматтарға қатысу құқығын беру мүмкіндігін зерделеуі;

"Бастапқы жарнаны азайту үшін қызметкерлердің жекелеген санаттарына қолдау көрсетілуде. Жеңілдік берілген ипотека бойынша бастапқы жарнаны субсидиялау тетігі енгізілді. Ол әлеуметтік және бюджеттік сала қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаттарын беру арқылы жүзеге асырылады. Жекелеген өңірлер тұрғын үй сертификаттарын беруге кірісіп кетті. Мысалы, Астана әкімдігі 1 млн теңгеге бастапқы жарнаны субсидиялау үшін  мұғалімдерге, дәрігерлерге және полиция қызметкерлеріне 100 сертификат берді", - деді Ұлттық банк төрағасы.

Осы ретте ол тұрғын үй сертификаттарын беру нақты сипатта болуға тиістігін және бағдарлама басында ғана болуы мүмкін екендігін баса айтты.

"Бағдарламаға қатысу талаптарының бірі - меншік құқығында баспананың болмауы. Сонымен қатар азаматтардың меншікті баспанасы болып, қосымша баспана талап етілетін көптеген жағдай да бар. Бұл тұрғын үй талаптарын жақсартатын көп балалы отбасылар, балаларына баспана сатып алатын ата-аналар, басқа географиялық өңірге көшетін азаматтар болуы мүмкін. Халықтың қажеттілігін назарға  ала отырып, Ұлттық банк Үкіметке бағдарламаға меншік  құқығында баспанасы бар азаматтарға қатысу құқығын беру мүмкіндігін зерделеуді ұсынады", -  деді Д.Ақышев.

Бес әлеуметтік бастаманың екінші бағытын іске асыру аясында жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов баяндады.

«Барлық дайындық жұмыстары жүргізілді және аяқталды. Заңнамалық өзгерістер 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді, салық төлеушілердің арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеу көзделген, нормалар қолданылуда», — деді Р. Дәленов.

Бірінші вице-министр заңнамалық өзгерістерге қатысты, Салық кодексінде жалақысы 63 125 теңгеден төмендер үшін тәртіп өзгергенін айтты. Олардың салық жүктемесі 10 есе төмендетілді және 2 млн-ға жуық жұмысшы жылына 15 мың теңгеге дейін қосымша кіріс алады.

Жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеу бойынша айтар болсақ, өзгерістер жергілікті бюджеттердің шығындарына әкеледі. Осыған орай, аталған шығындар республикалық бюджет комиссиясының отырысында қаралды және мақұлданды. Республикалық бюджетте трансферттер көзделген. Осылайша, жергілікті бюджеттердің кірістері жеңілдіктердің арқасында азаймайды.  

Бұған қоса, Р. Дәленов барлық жұмыс берушілер өзгерістермен танысқанын, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Сонымен қатар, екінші бастамада жеке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу мүмкіндігін зерделеу тапсырылған. Бірінші вице-министрдің айтуынша, халықаралық тәжірибе зерделенді және жалдамалы еңбекке ақы төлеудегі ағымдағы жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізілді.

Жалпы, ҚР ҰЭМ деректеріне сәйкес, жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайту туралы тапсырма орындалды.