13 нау, 2018 сағат 10:25

7 пайыздық ипотека қай кезде беріледі?

Қазіргі кезде мемлекеттік органдар мен банктер «7-20-25» бағдарламасын пысықтап жатыр. Дегенмен, Ұлттық банк арзан ипотеканы беру мерзімін белгілеп қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«7 пайыздық ипотеканы беру жұмыстары шамамен жылдың ортасында басталады. Маусым айының аяғына дейін барлық құқықтық-ұйымдастырушылық шараларын аяқтаймыз деген жоспар бар. Содан шілде-тамыз айларында банктер арзан ипотеканы беруді бастайды», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның айтуынша, жаңа бағдарлама аясында жаңадан құрылатын компания банктерден ипотекалық несиелерді сатып алады да, жылдық мөлшерлемені 7 пайызға дейін түсіреді. Ал несиені алған азаматттар барлық төлемдерін банкке жасай береді.

«Ипотекалық несиелердің алғашқы пулы жасалған бойда біз оның барлығын сатып алуға кірісеміз. Әрине, әр адамның төлем қабілеттілігіне баса назар аударылады. Енді, мемлекеттік бағдараламаларда әскерилер, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар және тағы басқа санаттар бар. Жаңа бағдарламада ондай категориялар болмайды. Біз барлық заемдармен жұмыс істейтін боламыз», - деп атап көрсетті О.Смоляков.

Бас банкирдің орынбасары «7-20-25» бағдарламасы аясында құрылатын жаңа компания мен «Нұрлы жерде» отырған Қазақстанның ипотекалық компаниясының айырмашылығын да жеткізді. Оның айтуынша, ҚИК ипотекалық заемдарды субсидиялайды. Ал жаңа құрылатын компания ол несиелерді сатып алатын болады.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасының жобасын таныстырды. Бас банкир 7 пайыздық ипотеканың басты талабын да жариялады.