Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыруға байланысты «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасына өзгертулер енгізіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Біріншіден, жүйені мемлекеттік жоспарлауға сәйкес Бағдарлама мемлекеттік болып қайта бекітіледі.
Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы мен қаржыландыру көлемін арттыру нормасы қайта қаралады.
«7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын енгізуге байланысты «Нұрлы жер» бағдарламасының механизмдері қайта қаралды. Бұл ипотеканы субсидиялау міндетін алып тастауды қарастырады.
Сонымен қатар жасалған және жасалатын келісімдер бойынша міндеттемелер орындалатын болады (қабылданған міндеттемелерге және азаматтардың болжамды өтінімдеріне сәйкес, 6,4 млрд теңге).
Құрылыс алаңдарын дайындау үшін тұрғын үй құрылысы жүретін аудандардағы инженерлік коммуникация құрылысын қаржыландыру көлемін 80 миллиардтан 100 млрд теңгеге дейін арттыру мәселесі қаралуда (қосымша 20 млрд теңге).
2019 жылдан бастап сатып алу құқығынсыз берілетін арендалық тұрғын үй құрылысына жыл сайын республикалық бюджеттен 10 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу ұсынылады (25-тен 35 млрд. теңгеге дейін). Бұл халықтың әлеуметтік әлсіз топ санатына жататын қосымша 1 мыңнан астам отбасын жыл сайын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осы бағдарламаға жеке құрылыс салушылардың белсенді қатысулары үшін әкімдіктер дайын тұрғын үй нысандарын сатып ала алады (несие мен арендалы тұрғын үйді сатып алуға бөлінген қаражат есебінен).
Бұдан бөлек, «Нұрлы жерге» енгізілетін өзгерістер аясында әкімдіктердің пәтерлерін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларымен қатар, жеке банктердің клиенттері үшін де сатып алу қарастырылады. Бұл шаралар ипотеканы дамытуға үлкен серпіліс береді. Атап айтсақ, шаршы метрі өңірлерде - 140 мың теңге, ал Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында 180 мың теңгеден болады (салынған баспана банктің салымшыларына 3 ай ішінде өткізіліп, өткізілмеген үйлердің қалдығы ЕДБ клиенттеріне).
Жаңа бағдарлама параметрі бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» тұрғын үй займы қайта қаралатын болады.
Жалпы қабылданған шаралар тұрғын үйді пайдалануға беру көлемін жыл сайын 8% (жылына 8 мыңнан астам баспана) және 2030 жылға дейін 1 адамға шаққандағы баспанамен қамту көрсеткішін 30 шаршы метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Бұл бастаманы жүзеге асыру тұрғын үй құрылысы индустриясын дамытуға үлкен серпін береді және тұтастай алғанда ел экономикасының одан әрі өсуіне ықпал етеді.