Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев 2019 жылғы қаңтар-қазан айларындағы ақша-несие саясатының іске асырылуы туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Е. Досаев атап өткендей, жылдық инфляция біздің күтуімізге сәйкес қалыптасуда және қазанның қорытындысы бойынша 5,5% болды.
Ақылы қызметтерге баға мен тарифтердің өсуі тарихи ең төмен деңгейде қалуда – жылдық көрсетуде 0,8%. Реттелетін қызметтерге тарифтер қазанда жылдық көрсетуде 7,7%-ке төмендеді.
Жыл соңына дейін инфляция деңгейі 5,7-5,8%, яғни 4-6% таргеттелетін дәлізде бағаланады.
«Осы факторларды ескере отырып, Ұлттық Банк 28 қазанда базалық ставканы 9,25% деңгейде және +/- 1 пайыздық тармақ дәлізде сақтады. Ақша-кредит саясаты шаралары шеңберінде Ұлттық Банк айналыстағы ноттар көлемін мамыр-қазан аралығында 30,1%-ға 4,3 трлн теңгеден 3,0 трлн теңгеге дейін қысқартты. Нәтижесінде банктер артық өтімділікті кредиттеуге және экономиканы басқа қаржыландыруға қайта жіберді», — деді Ұлттық банк төрағасы.
Алдын ала қорытынды бойынша, 9 айда төлем балансы ағымдағы шотының дефициті өсіп, 2018 жылғы 9 айдағы $1,8 млрд-пен салыстырғанда $4,7 млрд құрады.
Тікелей шетелдік инвестициялардың таза әкелінуі өткен жылғы көрсеткіш деңгейінде қалыптасып, $5,1 млрд доллар болды. Ол бейрезиденттердің кірістерін қайта инвестициялаумен және резиденттердің шетелдік еншілес ұйымдарынан капиталын қайтаруымен қамтамасыз етілді.
Портфельдік инвестициялар бойынша капиталдың таза әкетілуі 13,0%-ға азайып, 2019 жылғы 9 айда $2,6 млрд болды. Капиталдың әкелінуі Қаржы министрлігінің 3-тоқсанда 1,15 млрд еуроға еурооблигациялар шығарумен және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-тың жаһандық депозитарлық қолхаттарын сатумен қамтамасыз етілді.
Е. Досаевтың айтуынша, несиелендірудің өсуі артуда.
«Жыл басынан бері жалпы кредиттік портфель қыркүйектің соңында 2,3%-ке 13,4 трлн теңгеге дейін өсті. 1-тоқсанда банктерді қалыпқа келтіру нәтижесінде жұмыс істемейтін қарыздар есептен шығарылған соң сәуір-қыркүйекте кредиттеудің өсуі 7,4% немесе 921,8 млрд теңге болды», - деді Е. Досаев.
Заңды тұлғаларға кредиттер көлемі 1,7%-ға немесе 121,7 млрд теңгеге өсті. Жеке тұлғалардың кредиттік портфелі 14,7%-ға немесе 800 млрд теңгеге өсті. Ұзақ мерзімді кредиттер қыркүйек қорытындысы бойынша 11,4 трлн теңге, қысқа мерзімді кредиттер 2 трлн теңге болды.
«7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 7 қарашадағы жағдай бойынша 10 676 отбасы 122,8 млрд теңге сомаға қарыз алды.
Экономиканың басым салаларын жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын (600 млрд теңге) іске асыру жалғасуда. 1 қарашадағы жағдай бойынша банктерде 248,3 млрд теңгеге 393 жоба қаралуда, 142,3 млрд теңгеге 224 жоба мақұлданды, 55,5 млрд теңгеге 147 қарыз берілді.