24 ақп, 2021 сағат 12:38

61 мың адам зейнетақы аннуитеті бойынша шарт бекітті

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысулар департаменті Сақтандыру нарығын дамыту басқармасының басшысы Сағи Әжібек зейнетақы аннуитеті шарттарының статистикасын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта өмірді сақтандыру бойынша нарықта 9 компания бар, олардың қызметі лицензия негізінде жүргізіледі және мемлекет бақылауында болады» - деді С. Әжібек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры есебінен зейнетақы аннуитеті төлемдеріне кепілдік беріледі, бұл өмірді сақтандыру компаниясы банкрот болған жағдайда зейнетақы аннуитеті бойынша үзіліссіз төлемдерді және сақтанушылар алдындағы міндеттемелерді үздіксіз орындауды қамтамасыз етеді.

«Қазіргі уақытта 61 мыңға жуық адам өмірді сақтандыру компаниясымен жалпы сомасы 283 млрд теңгеге зейнетақы аннуитеті шарттарын жасаған, осылайша өздерін зейнеттегі өмірлік төлемдермен қамтамасыз еткен», - деді С. Әжібек.