Алматыда өрттен 6 адамды құтқарған Қазақстанның ауыр атлетикадан чемпионы Дәурен Рымқұлов «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алты адамды, оның ішінде төрт баланы өрттен құтқарған Дәурен Рымқұлов ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды.
Спортшыға медальді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Серік Әубәкіров табыс етті.
«Айналаны, адамдарды қорғауды өзінің парызы санайтын нағыз қазақстандық азаматқа тән батылдық пен ерлік көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамыз, көптеген жылдар бойы кәсіби спортпен шұғылдану Сізге бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді»,-деп атап өтті Серік Әубәкіров.
Естеріңізге сала кетейік, 14 тамызда кешкі сағат 21: 33-те қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің «101» пультіне Алмалы ауданы Радостовца көшесі №49 үйден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрт сөндіру бригадасы оқиға орнына келгенде бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтердің ас бөлмесі ашық жалынмен жанып жатты. Өз өмірін қатерге тіккен Дәурен өрт сөндіру есептері келгенге дейін пәтерде қалған 6 адамды құтқарды.
Шұғыл жағдайларда адамдарды құтқарып, белсенді азаматтық ұстаным танытқаны және жас ұрпаққа үлгі көрсеткені үшін Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы оны марапаттауға ұсыныс жасаған болатын.
Дәурен бұл әрекетін ерлік санамайды. Кез келген адам қысылтаяң сәтте осылай әрекет ететініне шәк келтірмейтін 33 жастағы спортшы Дәурен Рымқұлов халықаралық турнирлердің чемпионы, Азия мен Әлем чемпионатының қатысушысы.