01 қаз, 2019 сағат 11:38

5G түрлі салаларда бірнеше революциялық өзгеріс әкеледі деп ойлаймын - Есекеев

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз алаңында өткен баспасөз конференциясында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев Қазақстанда 5G енгізудің артықшылықтары туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қ. Есекеевтің айтуынша, 5G қосқаннан кейін көптеген қызметтер қолжетімді болады. Ең алдымен, бейнеконференция байланысы, Е-commerce және басқа да қызметтер ашық болады. 

«5G — бұл мүлдем басқа жылдамдық. Шамамен 30 есе артық. Елестетудің өзі оңай емес, осы мәселе арқылы көптеген нәрселерді жасауға болады, мәселен: автокөлікті қашықтан басқарудан бастап, қашықтан медицинамен айналысу. 5G көптеген өзгеріс алып келеді. Еске түсіріп өтсек, 4G қосылғаннан кейін біздің өмірімізге Инстаграм мен Фэйсбук енді. Сол секілді 5G қосылғаннан кейін жаңа қызметтер пайда болмақ», — деп мәлімдеді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы.

Бұған қоса, Қ. Есекеев 5G желілерін енгізгеннен кейін қарқынды түрде дами бастайтын салаларды атап өтті.

«Технологиялар келеді, сөйтіп өнеркәсіп, электронды коммерция одан әрі айқын дами бастайды. 5G түрлі салаларда бірнеше революциялық өзгеріс енгізеді деп ойлаймын. Алғашқы сала – көлік саласы болады. Себебі мұндай жылдамдықтар көлікте өте қолайлы. 5G енгізілгеннен кейін 2-3 негізгі саланың түбегейлі өзгергенін байқайтын боламыз», — деді Қ. Есекеев.  

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы бүгінгі таңда 5G  желісін енгізу бірнеше түрлі өндірушіде тестілеуден өткізіліп жатқанын айтты. 

«Әрқайсысы өзінің стандартын, желісінің мүмкіндіктерін, өзінің жылдамдық сипаттамаларын ұсынады. Бііздің бір вендормен шектелгіміз келмейтіні түсінікті. Біздің компанияның стратегиясы – вендорлық тәуелсіздік. Біз тікелей технологиялық тәуелділікте болмауы үшін көптеген сан алуан вендорларымыздың болуын қарастыратын боламыз», — деп түсіндірді Қ. Есекеев. 

Сонымен қатар, Қ. Есекеев Қазақстанда жаңа еSIM тұжырымдамасының жасалуы туралы айтты. Оның айтуынша, чип түріндегі SIM-картаның кәдімгі түрі бағдарламалық шешімге ауыстырылатын болады. Бұл тұжырымдаманы қазір ұялы байланыс операторлары реттеушімен пысықтап жатыр. 

«Мен таяу арада біз SIM-картаны ұялы телефонға чипті салмастан, бағдарламалық жасауға болатын еSIM алғашқы жобаларын ұсынатын боламыз деп ойлаймын.  5G пайда болған соң бұл технологияның негізгі бөлігі еSIM негізінде енгізілетін болады деп ойлаймын», — деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы. 

Ауыл тұрғындары үшін «ақылды ауыл» және «бұлтты» бейнебақылау тәрізді технологиялар қашан қолжетімді болады деген сұраққа Қ. Есеккев бір жыл ішінде ауылдарды кеңжолақты Интернетпен қамтыған соң бұл мүмкін екенін жеткізді. 

«Біз қалада соңғы үш жылда жиынтықты бейнебақылауды белсенді түрде дамыттық. Ауылға жоғары жылдамдықты интернет пен Қазақтелекомның келуімен ол түбегейлі өзгереді деп ойлаймын. Бұл – электронды коммерция саласындағы өзгерістер болмақ. Ең алдымен, себебі, ауыл тұрғындарына коммерциялық ресурстар тең құқылы қолжетімді болады. Бейнебақылау мен басқа да сервис түрлері қосылғаннан кейін бір жыл ішінде ауылдарға да жетеді деп ойлаймын. Бастысы, жылдамдық пен қосылған абоненттердің саны», — деді Қ. Есекеев.