20 қаң, 2026 сағат 11:16

«5 жасымда ағам зорлады»: Стендап-комик Анар Бекет бала кезіндегі сұмдық жағдайды ашық айтты


Коллаж: Ult.kz/ Анар Бекет instagram парақшасынан

Қазақстандық стендап-комик Анар Бекет әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, балалық шағында жыныстық зорлық құрбаны болғанын айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Анардың айтуынша, ата-анасы отбасының қамын ойлап, күндіз-түні еңбек еткендіктен, бос уақыттары болмаған. Сол себепті ол көп жағдайда әжесі мен атасының қолында тәрбиеленген.

«Менің есімім – Анар. Бұл – өмірде болған шынайы оқиға. Мен Павлодар қаласында қарапайым жанұяда дүниеге келдім. Әкем электрик болып еңбек етті, ал анам үй шаруасымен айналысты. Ол тоқсаныншы жылдар еді. Ата-анам бізді асырау үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, сондықтан мені жиі әкемнің әке-шешесіне, яғни әжем мен атама қалдырып кететін», – деп жазады ол.


Стендап-комиктің айтуынша ашық-жарқын, белсенді бала болған, алайда жиі ауыратындықтан балабақшаға бармағанын. Бір күні ата-әжесі де аз уақытқа кетіп қалғанда, жанында қалған немере ағасы оны зорлаған.

«Бірде әжем мен атам шаруамен шығып кеткенде, мен үйде немере ағаммен қалдым. Ол 17 жаста болды. Ал мен өте кішкентай болып, ештеңені түсінбейтінмін. Дәл сол уақытта ата-анам мені балалар гинекологына апарды, өйткені бөлінділер мен жарақаттар пайда болған еді. Сондай-ақ, мен сол немере ағамның үйінен заттар ұрламақ болып, ұсталып қалғанда қатты ұрыс естігенім де есімде. Қазір барлық фактілерді салыстыра отырып, мұның балалық кек алу болғанын түсінемін. Бұл – оның маған жасаған әрекетіне қарсы бейсаналы қарсылық», – деді ол.


Оның сөзінше адам миы көбіне жаныңды ауыртатын естеліктерді бұғаттайды. Ұзақ уақыт бойы ол бұлыңғыр қысқа естеліктермен өмір сүрген. Кейін тек психологпен жұмыс істеп, анасымен ашық сөйлескеннен кейін ғана олардың шынайы мәнін түсінген.

Осылайша Анар барлық ата-ананы баланың мінезіндегі кез келген өзгеріске бей-жай қарамауға шақырды. 

«Оларды мұқият тыңдаңыздар. Ең бастысы – бес жасар баланы оның толық қауіпсіздігіне сенімді болмай ешқашан және ешкіммен жалғыз қалдырмаңыздар», – деді стендап-комик.