ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов елдің 2019 жылғы қаңтар-қараша айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері экономиканың өсуі байқалуда. А.ж. қаңтар-қараша айларында жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,4%-ті құрады.
«Экономиканың өсу факторлары - базалық салаларда өндірістің ұлғаюы, ішкі сұраныстың артуы және көрсетілетін қызметтер секторының дамуы, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру болды», — деп атап өтті Р. Дәленов.
ЖІӨ-нің өсуіне ең үлкен үлесті 3,8 п.т. деңгейінде шикізаттық емес сектор қосты. Мұнда өңдеу өнеркәсібі, көрсетілетін қызметтер секторы және құрылыс саласы негізгі рөл атқарды. Бұл ретте, шикізат секторының (ауыл шаруашылығы және кен өндіру өнеркәсібі) үлесі 0,6 п.т. құрады. Осылайша, экономика өсуінің ең көп бөлігі шикізаттық емес секторының есебінен қамтамасыз етілді.
Министрдің айтуынша, желтоқсанда экономика өсімі 4,4%-дан төмен болмайды.
«Жалпы ішкі өнімнің өсу үрдісі келесіні көрсетеді. Өткен жылғы қазан мен қарашада жалпы ішкі өнім 4,1%-ға өскен. 2018 жылдың қорытындысы да 4,1%-ға өсумен аяқталды. Ал осы жылғы қазан мен қарашада экономиканың өсуі 4,4%-ды құрады. Осыған байланысты желтоқсанда өсу төмен болмайды деп ойлауға негіз бар. Біріншіден, осы жылы экономика өсу серпінін көрсетіп отыр. Екіншіден, өңдеу өнеркәсібінде оң көрсеткіштер байқалуда», — деп түсіндірді ол.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 8,3%-ға дейін артты. Қараша айында жылдық инфляция 5,4%-ды құрады. Тұрғындар табысы қаңтар-қазанда 5,7%-ға өсті.
Өнеркәсіп өндірісінде тұрақты өсу үрдісі сақталуда. Қаңтар-қарашада өндіріс көлемі 3,6%-ға өсті.
Өңдеу өнеркәсібінде өсу 3,8%-ға дейін жеделдеді. Бұл машина жасауда (19,2%-ға) және фармацевтикада (16,7%-ға) өндірістің артуына негізделген. Сонымен қатар, қара металлургия өндірісінің қалпына келуі оң әсер етті. Тау-кен өндірісі өнеркәсібіндегі өсу 3,7% деңгейінде сақталды.
Құрылыс саласы жоғары өсу серпінін көрсетіп отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 12,1%-ға өсті. Пайдалануға 11,1 млн ш.м. тұрғын үй берілді.
Ауыл шаруашылығы салаларында әркелкі серпін байқалады. Мал шаруашылығы өнімдерін шығару 3,9%-ға артты.
Көрсетілетін қызметтер саласында іскерлік белсенділіктің артуы байқалады. Сауда көлемі 7,5%-ға, көлік – 5,6%-ға, ал байланыс – 4,7%-ға өсті.
А.ж. қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы 79,1 млрд долларға жетті. Экспорт көлемі $47,7 млрд, ал импорт $31,4 млрд құрады.
Өңірлердің басым бөлігі негізгі көрсеткіштер бойынша оң серпін көрсетіп отыр. Өнеркәсіп бойынша 15 өңірде оң өсу байқалады. Ауыл шаруашылығы бойынша Қостанай облысынан басқа барлық өңірлер оң өсім көрсетті. Құрылыс бойынша 14 өңірде, негізгі капиталға инвестициялар бойынша 15 өңірде оң өсуге қол жеткізілді. Бірқатар өңірде бірнеше көрсеткіш бойынша (өңдеу және тау-кен өндірісі өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй және инвестициялар) серпінді өсу байқалады.
4 өңірде инфляция дәліздің жоғарғы шегінде қалыптасты. Олар Атырау облысы, Маңғыстау облысы, Қарағанды облысы және Шымкент қаласы. Сонымен қатар, 5 өңірде азық-түлік тауарлары бағасының жоғары өсуі байқалады.
Р. Дәленов атап өткендей, жергілікті атқарушы органдарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бағаларды бекіту және оның сақталуын бақылау, сондай-ақ азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын пайдалану механизімдері бар. Өз кезегінде, Басекелестікті қорғау және дамыту комитеті бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттерді (сөз байласу) анықтау бойынша іс-шаралар қабылдауда.
Азық-түлік тауарлары нарығына қатысушыларға бұзушылық белгілері туралы 194 хабарлама жіберілді. Қазіргі таңда оның 152-сі орындалды. Бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылуына жол бермеу мақсатында осы жылдың басынан бері нарық субъектілеріне қатысты 8 тергеу тағайындалды және 34 ескерту жасалды.
«Биыл 11 айдың қорытындысы бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер оң тренд көрсетіп отыр», — деп түйіндеді министр.