05 ақп, 2019 сағат 23:32

5 баланың өлімі: Қазақстандықтар қаралы отбасыға қол ұшын беріп жатыр

Астанадағы 5 баланың өлімі бүкіл халықты есеңгіретті. Көзінен жасы, көңілінен зары төгілген ана мен әкені жұбатар сөз табыла қоймас мұндайда. Тек бұл жазбамызда қара жамылған отбасының қайғысын тең бөліспекке ұмтылған барлық қазақстандықтардың бастамаларын атап өтуді жөн көрдік.

Көкталда бүгін бес баланы соңғы сапарға шығарып салды. Рәсімге келген халықтың қарасы мол. Қабырғасын бір-бірлеп сөксең де, қабақ шытпас ерлердің өзі көз жасына ерік берді. Халықтың мол шоғыры тіркелген әлеуметтік желіні ашсаңыз, бұл оқиғаға қабырғасы қайыспаған, көңіл айтпаған адамның кемде-кем екенін көресіз. Шиеттей балаларын асырау үшін түн қатып жүріп, жұмысқа жегілген әке мен шешенің бір емес, төрт несиесінің бары белгілі болды. Әлеуметтік желіде тараған отбасының шотына халық шама-шарқынша ақша аударып жатыр.

Алматы жұртшылығы бүгін Астанада үйінде өртеніп кеткен 5 баланы еске алу үшін 28 Панфиловшылар паркіндегі мəңгілік алау маңына жиналды. Қайғылы қаза қабырғасын қайыстырған жұртшылық үнсіз ғана алау басына келіп, гүл шоқтары мен ойыншықтар, шамдар қоя бастады.

Мұндай аза тұту шарасы еліміздің бірқатар қаласында жүріп жатыр.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы қаралы отбасыға бүгін 13 миллион теңге аударылғалы отырғанын хабарлады. «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Мақсатбек Қайырғалиев бүгін 13,4 млн теңге жиналғанын, бұл сома қасірет шеккен жанұяға табысталатынын айтқан. Ізін ала Астананың бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы бес баласынан айырылған отбасыға үй алып беретіндерін жеткізді.

«Біз олардың ата-анасымен сөйлестік. Ақылдаса келе, мешіт атынан баспана сатып алып береміз деп шештік. Біз осылай келістік», - деді ол.

Каспий банк тарапынан да отбасыға көмек берілді. Өз қолдауы ретінде банк қара жамылған отбасының несиесін жабатын болды.

Болған оқиғаға қатысты мемлекеттік органдар да көмек қолын созуда. Мәдениет және спорт министрлігінің қызметкерлері қайғыдағы отбасы шотына бір күндік жалақыларын аудармақ.

Бұл жақсылықтың бәрі де есеңгіреген әке-шешенің қайғы жүгін бір мысқал да азайта алмас. Десе де, бәрі де шын ниетімен көмек қолын созып жатыр...

Еске сала кетейік, 4 ақпан күні түнде «Көктал-1» тұрғын үй алабында жеке үйдің ауласында тұрғызылған уақытша баспанадан өрт шықты. Өртті сөндіру барысында 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылдары туған 5 қыз баланың денесі табылды.

Қайғылы оқиға кезінде бес баланың ата-анасы түнгі жұмыста болған.

Бүгін 5 баланы елордалықтар ақтық сапарға шығарып салды. Сондай-ақ, Елбасы өртте қаза болған балалардың отбасына көңіл айтты.

ҚазАқпарат