Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 42500 теңге әлеуметтік төлемді алуға өтінімді бірнеше қайтара жібермеуді сұрады, деп бхабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомстводан мәлім еткендей, 42500 теңгені алуға өтінімді бірнеше рет беру мәліметтерді қарау мерзімін ұзартып жатыр.
«Бастапқыда өтінімдерді қарап, деректерді тексеру мерзімі 7 жұмыс күні деп белгіленген еді. Осы орайда, төлемдерді тезірек жүргізу үшін өтінімдерді қарау барысы 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Бұл ретте, атап өтерлігі, көптеген азаматтар өтінімдерін бірнеше қайтара жолдап жатыр. Мәселен, 8 сәуір түнгі 23.00-дегі жағдай бойынша, келіп түскен 3,1 миллион өтінімнің 1,3 миллионы екінші қайтара жіберілгендер», - деді министрліктен.
Барлық өтінім саналуан деректер қорында мұқият сүзгіден өтеді. Оның ішінде адамның аты-жөні, ЖСН мен банк шотының нөмірі, жұмысына қатысты мағлұматтар жіті тексеріледі.
Еңбек министрлігінің ақпаратына сәйкес, 42 500 теңге жәрдемақыны алуға жұмыс істеп жүрген және төлемді беру қарастырылмайтын санаттағы азаматтар өтінім берген. Олар ескірген немесе өзге біреудің банк шоттарын көрсеткен. Сонымен қатар, марқұм болып кеткен немесе шетелде тұратын тұлғалардың атынан да өтінім берілетіні белгілі болып отыр. Өтінім жолдаушылар арасында әлеуметтік сақтандыру жүйесіне ешқашан қатыспаған, оған қаражат аудармаған азаматтар да бар. Мұндай 405 мыңнан астам жағдай анықталды.
Осындай жағдайларды анықтап, қайталанып жіберілген өтінімдерді алып тастау үшін келіп түскен барлық 3,1 млн өтінімнің барлығын қарап шығу қажет.
«Осылайша өтінімді қарау мерзімі созылып кетуі ықтимал. Сондықтан, азаматтардан, 3 жұмыс күнінен соң төлемді тағайындау туралы хабарлама алмасаңыздар да алаңдамауларыңызды сұраймыз. Әр өтініш бойынша ақпарат тексерілгеннен кейін міндетті түрде өтінім жолдаушыға қабылданған шешім жайы жеткізіледі. Төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректерін Мемлекетік әлеуметтік сақтандыру қоры «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жібереді, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін бағыттайды. Бұған дейін де хабарлағанымыздай, әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Botмекенжайы бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады. Азаматтардан өтінімді бір рет қана жолдауды сұраймыз», - деді министрліктен.
Естеріңізге сала кетейік, ТЖ кезеңінде табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан айына 42 500 теңге мөлшерінде берілетін әлеуметтік төлем келесі санаттарға беріледі:
– шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– карантин енгізілген елдімекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– жеке кәсіпкерлерге;
– дара тәжірибемен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
– бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;
– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға.