17 сәу, 2020 сағат 13:05

42500 теңге: әлеуметтік төлемді алғандар не дейді?

Бүгінгі таңда 3 млн 482 мың адамға ТЖ кезеңінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес,  «42 500 теңге» төлемге 6 млн 671 мың азамат өтініш берді. Осы орайда Strategy2050.kz елдің әр өңірінендегі табысынан айырылып, аталған қаржыны алған тұрғындардың пікірімен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

- Айнара Байжан, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Мен - екі баланың анасымын. Бір жылдан асты жеке кәсіпкерлігім бар. Кәсібім бойынша салық төлеп тұрдым. Карантинге байланысты кәсібім әзірге тоқтап тұр. Сондықтан да 42500  теңгелік әлеуметтік төлемді алуға өтінім бердім. Ол төлем маған тағайындалды. Қазіргі қиын-қыстау кезеңде бұл - айтарлықтай көмек. Осындай шараларды жүзеге асырып жатқан Үкіметке ризамын.

- Рауана Тамшы, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мен былтыр жаздан бері фрилансер болып жұмыс істеп жүргенмін. Өкінішке қарай, карантин басталғанда біздің де жұмыс тоқтап қалды. Бірақ, осы өткен бір жыл ішінде  4 ай менің зейнетақы төлемдері жүріп тұрды. Сол  себепті 42500 теңгені  алуға 2651 теңге  бірыңғай жиынтықты  өтеп, өтініш жібердім. Өтінім жіберген күннің ертесіне  әлеуметтік төлем түсті. Қазір табыссыз отырғаннан кейін алдым. Жұмысым тоқтамаса, бұл төлемді мұқтаж жандарға қалдырып, өтінім бермейтін де едім.

-  Әсел Хайруллина, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Төтенше жағдайға дейін мен сауда орталығында сатушы болып жұмыс істедім. Алайда, карантинге байланысты жұмысымыз тоқтап, менің табыс көзім тоқтады. Жалақысыз қалғаннан кейін осыдан бірнеше күн бұрын egov.kz сайты арқылы мемлекет тарапынан беріп жатқан 42 500 теңгеге  өтінім бердім және ол бірнеше күннен кейін  менің есепшотыма  түсті. Аз да болса, көп көмек демекші, әрине, бұл қуантады. Бірақ, карантин біткеннен кейін мемлекет тарапынан берілген осы көмек қара халықтан 2 есе қайтарылмаса екен деген ниет бар. Жалпы, үлкен рахмет.

- Гүлзада Бекмағамбетова,  БҚО Қаратөбе ауданы Аққозы ауылының тұрғыны 

- Бұған дейін әкімдіктегі еңбек биржасында тіркеуде тұрғанмын. Осыдан бірер күн бұрын Аққозы ауылдық округі әкімшілігінің қызметкері хабарласып, төтенше жағдайға байланысты мемлекет тағайындаған 42 500 теңгені алуға мүмкіндігім бар екенін айтты. Телеграм желісіндегі egov-тың парақшасына тіркеліп, өтініш беру керектігін ескерткен болатын. Алайда, мен оны қолдана алмайтындығымды жеткіздім. Кейін әкімшілік қызметкері өтініш беруіме көмектесті, сөйтіп төлемақыға ие болдым. Әкімшілік қызметкерлеріне алғысым шексіз. Сондай-ақ осындай қиын кезеңде азаматтарды қаржылық жағынан да қолдау көрсетіп отырған үкіметке ризамын. Мен екі қыздың анасымын. Екеуі де мектепке барады. Мына әлеуметтік төлемақы отбасымызға үлкен көмек болып отыр. Бұл қаражатты азық-түлікке, тағы басқа керек-жарағымызға жаратпақпыз.

- Ақжарқын Жетмекова, БҚО Орал қаласының тұрғыны 

Мен - дене шенықтыру пәнінің мұғалімімін. Декреттік демалысқа шыққанға дейін Орал қаласындағы №37 мектепте ұстаздық еттім. Кейін балалы болып, декретке шықтым. Бір жыл бойына мемлекеттің декретте отырған анаға тағайындаған жәрдемақысын алып келдім. Қазір ұлым бір жастан асты. Негізі жұмысқа шықсам ба деп жоспарлағанмын. Алайда, елдегі төтенше жағдайға байланысты жоспарым іске аспай қалды. Кейін әлеуметтік төлем туралы естіп, өтініш беретін жолын іздестірдім. Алғашында egov сайты мен телеграм бот дұрыс жұмыс істемеді. Алайда үкімет телеграм-ботты әр аймақтың тұрғындарына бөлек ашқан. Бұл жұмысты тездетті. Осылайша,  өтініш бердім, бір аптаның ішінде есепшотыма 42 500 теңге түсті. Қиын кезеңдерде азаматтарының жағдайын ойлап, қаржылай жәрдем беріп отырған үкіметке алғыс айтамын.

Назерке Сүйіндік