11 мам, 2020 сағат 14:44

42 500 теңгелік төлемге қатысты өтініш қабылдау тоқтатылды

ҚР Үкіметіндегі брифингте ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов "42 500 теңге көлемінде төлем алуға өтінімдерді қабылдау қайта жалғаса ма және жыл қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі қандай болады" деген сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Нұрымбетов 42 500 теңге — төтенше жағдай енгізілгенге дейін жұмыс істеген, алайда ТЖ енгізілуіне байланысты табысынан айырылған азаматтарға берілетін төлем екенін еске салды.

«Бүгінде жалпы 4 млн 539 мың адам бұл өтемақыны алды, оған барлығы 193 млрд теңге жұмсалды», — деді министр.

Сондай-ақ Нұрымбетов осы жылдың 16 сәуіріне дейін өтініш берген адамдар екінші ай үшін де төлем ала алатынын түсіндірді. Мұндай азаматтар саны — 3 млн 735 мың адам.

«Мамыр айынан бастап біз төлемнің екінші кезеңін бастадық. 5-6 мамыр күндері демалыс алдында біз 2 млн-ға жуық адамның өтінімін ресімдедік және 99 млрд теңге банктерге жіберілді. Кейбір азаматтар екінші ай үшін төлем алып үлгерді, бірақ банктер жұмыс істемегендіктен, барлығы ала алмады, енді банктер осы төлемдерді тиісті адамдарға жібере бастайды», — деді Біржан Нұрымбетов.

Сонымен қатар ол бүгінгі таңда әлеуметтік төлемдер бойынша өтініштер қабылдау аяқталғанын хабарлады.

«Бүгін ТЖ режимі аяқталды және біз өтінімдерді қабылдауды тоқтатамыз. Алайда, 11 мамырға дейін қабылданған өтініштер міндетті түрде қаралады және сәйкес болған жағдайда төлем жасалады», — деп атап өтті министр.

Сонымен қатар ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ТЖ екі айлық режиміне және бұдан әрі жалғасатын карантинге байланысты елімізде күтілетін жұмыссыздық деңгейіне жасалған болжамды жариялады.

Б. Нұрымбетов хабарлағандай, еңбек нарығындағы жағдай және жұмыспен қамтуды қалпына келтіру, бірінші кезекте, карантиндік шаралардың төмендеу және бәсеңдеу қарқынына және кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметін қайта бастауға, сондай-ақ экономиканы жандандыру шараларына байланысты болады.

«Әрине, жұмыспен қамтуды қалпына келтіру жеңіл үдеріс емес. Дегенмен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі деңгейінде болжам жасалды: біз карантиндік шараларды бәсеңдетудің негізгі көлемі маусым-шілде айларында болса, жұмыспен қамтуды толық қалпына келтіру осы жылдың IV тоқсанында басталады деп есептейміз. Жыл қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі төтенше жағдай режимін енгізгенге дейінгі 4,8 пайызбен салыстырғанда 5,9% деңгейінде болуы мүмкін», — деді министр.

Бүгінде Үкімет халықты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдаған, Жұмыспен қамтудың жол картасы іске қосылды, «Еңбек» бағдарламасының мүмкіндіктері кеңейтілді.

«Өзге тоғыз мемлекеттік бағдарламалармен қатар, олардың әлеуетін ескере отырып, 2020 жылы 1 млн 200 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады», — деді министр сөзін түйіндеп.