Төтенше жағдай кезінде табыстан айырылуға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) берілетін 42 500 теңге әлеуметтік төлемді 127 млрд теңгеден астам сомаға 3 миллионнан астам адам алды. 5,9 млн жолданған өтімнің 2,15 миллионы немесе 37 пайызы тұрғысында бірқатар себептерге қатысты төлем тағайындалған жоқ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осы орайда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсінік берді. Өтінім берушілердің жеке бас дерегі дұрыс көрсетілмеген (157 мыңға жуық өтінім).
«42 500 теңге» төлемге өтінім берген сәтте адамның аты-жөні мен туған уақытын және жеке сәйкестендіру нөмірін қатесіз жазуға ерекше назар аударған жөн. Тиісті мағлұматтың бір әрпі немесе саны мемлекеттік ақпараттық жүйедегі мағлұматқа сәйкес келмесе, әлеуметтік төлем тағайындалмай қалуы мүмкін.
Өтінім берушілердің банк деректемесі дұрыс көрсетілмеген (80 мыңға жуық өтінім)
«42 500 теңге» төлемге өтінім бергенде банк атауы мен IBAN (шотыңыздың 20 белгіден тұратын нөмірі) мәліметін көрсету қажет. Көп адам банк картасының нөмірін жіберіп қояды (16 сан). Ал бұл тұста банк шотының нөмірі керек болғандықтан, әлеуметтік төлемді жіберу қиынға түседі. Мысалға дұрысы «KZ123456789012345678» сипатында болып келеді және оны барлық дерлік банктердің ұялы телефон қосымшасынан немесе екінші деңгейлі банктердің жедел желі телефонынан білуге болады.
Бұлай қате жіберген жағдайда, өтінім әрі қарай қарауға бағытталады да, оң шешім қабылданса өтінім берушіге IBAN дерегін сұрай отырып, төлемнің тағайындалғаны жайлы SMS-хабарлама келеді.
Сонымен қатар, өтінім берушілер өзге жеке тұлғаларға тіркелген банк шотын көрсететін жағдай кездесіп жатады.
Атап өтерлік жайт, IBAN дерегін толтырғанда бір санның өзін қате жіберудің салдарынан өтінім берушіге аталған шот қызметін тоқтатқан банкте тіркелгені жайлы хабарлама келуі ықтимал.
Өтінім берушінің тұрақты жалақы төленетін жұмысы бар (оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері); зейнетақылар мен жәрдемақыларды алушылар, ТЖ енгізілгенше ресми жұмыс істемеген (863 мыңға жуық өтініш)
Өтінім беруші ұсынған деректерді тексере келе, жұмыс берушінің қашықтан жұмыс істеуге рұқсат еткені немесе толық емес жұмыс күніне ауыстырғаны, ұйымның жалпы амалсыздан тоқтап тұрғаны анықталуда. Мұндай жағдайда жұмыс беруші тарап жұмысшыларға жалақы төлеуі тиіс. Дегенмен ұйым басшылығы жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберетіні жайлы бұйрық шығармаса да, жұмысшылар «42 500 теңге» төлемге өтінім беруге әрекеттенуде.
Қазіргі кезде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы орындармен бірлесе отырып, жалдамалы жұмысшы болып саналатын өтінім берушілердің расында ақысыз демалыс жіберілгендігін тексеруге кірісті.
Сонымен қатар, «42 500 теңге» төлемге зейнеткерлер мен жәрдемақы алушылардан да өтінімдер келіп түсуде. Қайталап айтар болсақ, МӘСҚ тарапынан тағайындалатын әлеуметтік төлемнің мәні сонда, ТЖ тәртібі енгізілуіне байланысты табыссыз қалған жұмыс істеуші азаматтарға қаржылай қолдау жасалады. Сондықтан «42 500 теңге» төлемге ТЖ мерзіміне дейін ресми еңбек еткен, оларға жұмыс беруші жарна немесе жеке табыс салығын аударған немесе өздері Бірыңғай жиынтық төлем (әрі қарай – БЖТ) төлеген зейнеткерлер, мүгедектер яки басқа мемлекеттік жәрдемақы түрлерін алушылар иек арта алады.
Өтінім берушіде ТЖ енгізгенше соңғы 12 айда әлеуметтік аударымдар, зейнетақы жарнасы, БЖТ жоқ немесе өзін бейресми жұмыспен қамтушылардан өтінім берген уақытқа дейін БЖТ жіберілмеген (1,16 миллионға жуық өтінім).
Бұл жерде де ескерте кетерлік мәселе, «42 500 теңге» төлемге қаражат МӘСҚ тарапына бөлінетіндіктен, әлеуметтік төлем алу үшін мемлекеттік сақтандыру жүйесіне қатысқан абзал. Бастапқыда «42 500 теңге» төлемді тағайындау үшін ТЖ тәртібі енгізілгенше 12 ай ішінде кем дегенде 3 рет әлеуметтік аударым жасау талап етілді. Алайда азаматтарды мемлекеттік қолдау шараларымен кеңірек қамту аясында, әлеуметтік төлем жасау шарты ТЖ енгізілгенше 12 айда 1 ретке дейін қысқартылды.
Сәйкес өтінім берушілерді тексеру барысында, жұмыс берушідегі есепші маманның жалдамалы жұмысшылар үшін ТЖ енгізілгенше 12 айда ешқандай аударым жолдамағаны жайлы деректер жолықты.
Бұдан бөлек, кейбір өзін бейресми жұмыспен қамтушылардың «42 500 теңге» төлемге өтінім бергенше бір рет болсын БЖТ аударымын жасамағаны белгілі болды. Аталмыш жағдайларда әлеуметтік төлем тағайындалмайды.
Өтініш қайтыс болған адамның немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұратын азаматтың атынан берілген (534-ке жуық өтінім)
Жекелеген азаматтар өтінімнің онлайн берілетінін пайдаланып, қайтыс болған жандардың дерегін көрсеткен. Сонымен бірге, ел аумағынан тыс шетелге қоныс аудара отырып, әлеуметтік төлемге өтінім бергендер де бар.
Өтінім берушінің деректері ішінде барлық ҚР азаматтары туралы және де адамның қайтыс болғаны немесе шетелге қоныс аударғаны жайлы ақпарат толық қамтылған Жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер қоры арқылы тексеріледі.
Мұндай өтінімдерге әлеуметтік төлем тағайындаудан үзілді-кесілді бас тартылатыны анық.
«42 500 теңге» әлеуметтік төлемі бойынша барлық тағайындаулардың негізі ТЖ тәртібі аяқталғаннан кейін бекітілген заң жүзінде қайта тексерілетіні мәлімделді.
Әр өтінімге қатысты ұсынылған деректердің шынайылығына жауапкершілік жүктелген, оның ішінде, әлбетте басты себеп – ТЖ кезіндегі шектеулер салдарынан табыстан айырылу.
Осылайша ел азаматы «42 500 теңге» төлемге өтінім бере отырып, ТЖ уақытына дейін кірісі болғанына және оны жоғалтқанына кепілдік беретінін растайды. Әлеуметтік төлемдерді заңсыз алған адамдардың жауапкершілікке тартылуы олардың жасаған заңсыз әрекетіне байланысты болады. Әлеуметтік төлем алушылардың заңсыз іс-қимылы Қылмыстық кодекстің аясында қарастырылады (190, 195 баптар).
Егер өтініш беруші қателесіп, әлеуметтік төлем алған болса, бірақ бұл қаражатты қайтару қажет деп санаса, 42 500 теңгені келесі шотқа жібере алады:
Алушының атауы: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ
БСН: 160440007161
БСК: GCVPKZ2A
ЖСК: KZ67009SS00368609110
ТТК: 049
Халық банк пен Каспий банкте шоттары бар азаматтар, «Әлеуметтік төлемдерді қайтару» тетігін таңдай отырып, 42 500 теңгені банктердің ұялы қосымшасынан қайтара алады.