11 мам, 2020 сағат 12:00

42 500 теңге алған азаматтар қайтадан «көлеңкеге» кетіп қалмауы керек – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қолдауға, күрделі шақта әлеуметтік қолдауға, лайықты зейнетақыға – болашақта тек ресми жұмыс істеп, салық төлейтін азаматтар ие болатынын ескертті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әлеуметтік саясат аспектісінің біріне тоқтала кеткім келеді. Жаңа әлеуметтік төлемді алу шартарының бірі – бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеу болды. Әлеуметтік төлемді алған азаматтардың 40 пайызы – БЖТ-ны бірінші рет төлегендер. Бұл – шынында да мемлекеттік көмекке мұқтаж азаматтар. Оларды экономикаға барынша тарту керек. Бұл адамдар қайтадан «көлеңкеге» кетіп, өз проблемасын бетпе-бет қалуының алдын алу керек», - деді Президент Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында. 

Мемлекет басшысы мемлекеттік қолдауға, күрделі шақта әлеуметтік қолдауға, келешекте лайықты зейнетақыға – тек ресми жұмыс істеп, салық төлейтін азаматтар ие болатынын еске салды. 

«Міне сол себепті уақытша жұмыссыз қалған азаматтар мен дәл осы санаттағы азаматтар – Үкімет пен әкімдердің жіті назарында болуы тиіс. Нарықтық экономика аясында жұмыстан уақытша кез келген адам айырылып қалуы мүмкін. Осыған байланысты Үкімет еңбек нарығындағы тіркеуді барынша жеңілдетіп, процедураларды қысқартып, жұмыссыз қалу мәртебесі мен тиісті төлем беру ісін жеңілдетуі тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.