Пандемияға байланысты Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен партияның Алматы қалалық филиалы халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдау үшін бірқатар кешенді шара ұйымдастырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, аса қажеттілікті талап ететін азаматтарға атаулы көмек көрсету мақсатында «Birgemiz» республикалық корынан қаржыландырылатын «Almaty Birgemiz» қоры құрылды.
«Almaty Birgemiz» қоры көмекке 23 мыңнан астам адамға 50 мың теңгеден қаржы бөлді.
«Сондай-ақ, «Birgemiz» республикалық қоры тарапынан Алматы қаласына 2 млн медициналық бетперде жіберілді. Ол маскалар 40 мың тұрғынға, яғни АӘК алатындарға, 1-3 топ мүгедектеріне, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және медициналық-әлеуметтік мекемелерге таратылады. Бүгін маскаларды жеткізу бойынша акция қаланың барлық аудандарында басталды. Аталған шараға 200 ерікті және 120-ға жуық автокөлік жұмылдырылды»,– деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.
Бұл жұмыс күн сайын кезең-кезеңімен жалғасатын болады.