27 сәу, 2020 сағат 16:40

4 миллионнан астам азаматқа әлеуметтік көмек берілді

Әлеуметтік төлем 4 миллионнан астам азаматқа берілді. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әлеуметтік төлемдерге тоқталған министр: «Мемлекет басшысы мәлімдегендей, бүгінге 4 миллионнан астам азаматқа әлеуметтік жәрдем берілді. Мысалы, Алматы облысында 620 мыңнан аса, Түркістан облысында 508 мың, Алматы қаласында 412 мың адам осындай төлем алған», - деді. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жолдады. 

«Тағы да қайталап айтамын: қазіргідей күрделі кезде әрбір азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды. Мен төтенше жағдай кезеңінде азаматтарымызға қолдау көрсетуге арналған шаралардың екі топтамасын жария еттім. Бұл шаралар барынша жүзеге асырылуда. Қоғам тарапынан айтылған орынды сын-пікірлер де бар. Оны ескереміз. Бүгінгі күні 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілді», - деді Мемлекет басшысы.