22 мам, 2020 сағат 13:53

4 бала өлімі тіркелген Аягөздегі орталыққа қатысты қандай шаралар қабылдануда?

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы арнайы әлеуметтік көмек орталығында 4 баланың өліміне қатысты ведомствоаралық комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Zoom тұғырнамасында онлайн форматында өткен отырыс барысында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат аталған оқиғаға байланысты Аягөзде комиссия отырысы өткендігін, бас педиатр мен дәрігерлер тобы орталықта тәрбиеленіп жатқан 95 баланы тексеріп шыққанын атап өтті.

«Жалпы алғанда, комиссия балалар белгілі бір стандартқа сай медициналық-әлеуметтік көлемді толықтай алады деген пікірге келді. Қазіргі уақытта комиссиялық тексеру жалғасуда. Шығыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі департаменті де тексеруін жалғастырып жатыр. Медициналық құжаттарды жүргізу бөлігінде заң бұзушылықтар анықталды. Олардың процессуалдық нормаларына сәйкес сәл кейінірек жария етіледі. Өздеріңіз де білесіздер, ішкі істер органы балалардың өліміне қатысты факті бойынша ҚР ҚК 317-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Жалпы, ведомствоаралық комиссия отырысындағы ескертулерге байланысты орталықта карантин шаралары айқындалған. Жаңа педиатр балалармен жеке жұмыс істейді», - деді ол. 

Осы орайда комиссия отырысына төрағалық еткен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 5 мемлекеттік орган аталған орталықта тексеру жүргізіп жатқандығын атап өтті. Сонымен қатар оған біраз уақыт кететіндігін де ескертті. 

«Дегенмен, тек Аягөзге ғана қатысты емес жүйелі проблемалардың бар екендігін қазірден-ақ байқап отырмыз. Соңғы уақыттағы резонансты оқиғалар мұның жүйелі сипатта екендігін көрсетіп отыр. Аягөздегі балалар орталығы жайында айтар болсақ, 1 жылға жуық уақыттың ішінде мұндай жайттар аз болмады. Өткен жылдың тамызында қылмыстық іс қозғалғанымен заң бұзушылықтар анықталған жоқ деп танылды. Алайда резонансты жайттар жүйелі мәселелердің бар екендігін білдіреді», - деді Білім министрі.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Аягөздегі әлеуметтік көмек орталығында 4 баланың қайтыс болғандығы хабарланды. 

ҚР Ішкі істер министрлігі істің тергелуін өз бақылауына алды. Осы оқиғадан кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздің әр өңірінде орналасқан медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 113 мекемеге тексеру жүргізілетінін мәлім етті. Оның ішінде Аягөздегі балаларға арналған арнайы әлеуметтік көмек орталығы бар.