31 тамыздан бастап ҚМДБ-ға қарасты еліміздегі бірқатар мешіттер жекелеген намаз бен құлшылықтар үшін, санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" muftyat.kz-ке сілтеме жасап.
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссия отырысында шектау шараларын жеңілдетудің екінші кезеңі мақұлданды.
«Барлық нысандарға тиісті дайындық актілерін алғаннан кейін ғана жұмысқа кірісуге рұқсат беріледі. Өңірлердің әкімдіктері Денсаулық сақтау министрлігі, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, қоғам белсенділерін тарта отырып, енгізілетін нысандардың барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтауын қамтамасыз етуі қажет» деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Айта кетейік, екі апта бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселеге байланысты құзыретті мекемелерге карантин талаптарын сақтай отырып, мешіттерді қайта ашу туралы ұсыныс берген болатын.