Қазақстанда 30 маусымнан бастап шектеу шараларының күшейтілетіні жайлы тараған ақпарат - жалған.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
«Әлеуметтік желілерде Ведомствоаралық комиссия Қазақстанда 2020 жылдың 30 маусымы сағат 00.01-ден бастап белгілі бір уақыт ішінде шектеу шаралары күшейтілетіні жайлы ақпарат тарап жүр. Бұл ақпарат дұрыс емес. Шектеу шаралары туралы түпкілікті шешімді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Премьер-министрдің төрағалығымен мемлекеттік комиссия қабылдайды» делінген ведомство таратқан мәліметте.
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескерті.
Еске сала кетсек, Үкімет 2 күннің ішінде осы жылдың наурыз-мамыр айындағыдай қатаң карантин шараларын енгізу бойынша ұсыныс әзірлеуі тиіс. Бұл тапсырманы коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңес барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берген еді. Өз тарапынан Денсаулық сақтау министрі қатаң карантин бойынша түпкілікті шешім жақында қабылданатынын хабарлаған болатын.