24 мам, 2021 сағат 12:52

294 пәтер ұрысы ұсталды - ІІМ


Үш күннің ішінде елімізде 294 пәтер ұрысы ұсталды. Бұл жайында ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мамырдың 19-21 күндері аралығында елімізде «Пәтер» шартты атауымен кең ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараны өткізуге криминалдық және әкімшілік полиция қызметкерлері жұмылдырылып, олар аталған кезеңде 238 пәтер ұрлығын ашты. Қылмыстық жауапкершілікке 294 пәтер ұрысы, оның ішінде 22 топ тартылды», - деді ол Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында. 

Оның атап өтуінше, ұрланған заттар сатылатын 1 500-ден астам орын тексерілді. Бұған дейін пәтер ұрлығы үшін іздеуде жүрген 8 қылмыскер, 67 күдікті ұсталды. Мәселен, Қостанай қаласында бұған дейін істі болған 2 жергілікті тұрғын қолға түсті. Олар пластик терезелерді бұзу арқылы 4 пәтерді тонағаны анықталып отыр. 

«Күдіктілер келтірген шығын 1,5 млн теңгеден асып түседі. Сонымен қатар олардың ұрланған алтын бұйымдарды ломбардтар арқылы бірден сатып жібергені анықталды», - деді Қанат Нұрмағамбетов.