5 жылда 977 мың отбасыға 103 млн шаршы метр үй салынады. Бұл туралы Мәжілісте «Nur Otan» партиясының сайлау алдындағы міндеттемелерін іске асыруға арналған талқылау кезінде Премьер-Министр Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Nur Otan партиясының лидері - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын сапалы және тиімді іске асыруды тапсырды. Бүгін, Үкімет Nur Otan партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясының алдында сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру бойынша тиісті Жол картасының жобасын ұсынып отыр», - деді Мамин.
Жол картасы Сайлауалды бағдарламасының төрт бағыты бойынша 362 іс-шарадан тұрады:
- бірінші - «Баршаға тең мүмкіндік»;
- екінші - «Зияткер, саламатты және ыждағатты ұлт;
- үшінші - «Экономика мен өңірлердің тұрақты дамуы» және төртінші - «Халыққа есеп беретін мемлекет және жауапты азаматтар».
«Бағдарламаның «Баршаға тең мүмкіндік» бірінші бағыты бойынша міндеттерді шешу үшін әрбір азаматтың әлеуетін іске асыру үшін тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған 99 іс-шараны орындау көзделеді. Қазақстандық отбасыларды қолдау және нығайту бойынша жүйелі шаралар іске асырылады. 5 жылда 977 мың отбасыға 103 млн шаршы метр үй салынады, оның ішінде 284 мың пәтер жеңілдікті әлеуметтік тұрғын үй ретінде беріледі», - деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, 3 трлн теңгеден астам қаражат, инфляция деңгейін ескеріп, әлеуметтік төлемдерді индекстеуге жұмсалады. Әлеуметтік саланың мәселелерін жүйелендіру мақсатында 2021 жылы Әлеуметтік кодекс әзірленіп, 2023 жылы қабылданады.