10 жел, 2025 сағат 11:56

2,3 трлн теңгеге офтейк-келісімшарттар жасалды: отандық бизнесті қолдау кеңеюде

Фото: Egemen.kz

Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша отандық тауар өндірушілерді қолдауды кеңейтіп, қазақстандық өнімге деген сұранысты арттыруға бағытталған жаңа тетіктер енгізуде, деп хабарлайды Ult.kz.

Соңғы жылдары мемлекеттік органдар басым тәртіппен сатып алатын тауарлар тізімі 2,7 есеге ұлғайып, бүгінде 4,8 мыңнан астам өнімді қамтиды. Бұл — отандық кәсіпорындарға тұрақты сұраныс қалыптастырып, өндіріс қуатын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды фактор.

Бизнеске түсетін қаржылық салмақты азайту мақсатында бірқатар қолдау шаралары енгізілді:
• мемлекеттік келісімшарттар бойынша өндірушілерге 30% көлемінде алдын ала төлем беріледі;
• шартты орындауды қамтамасыз ету талабы алынып тасталды;
• тұрақсыздық айыбы 10%-дан 3%-ға дейін төмендетілді.

Осының нәтижесінде биыл жасалған мемлекеттік келісімшарттардың жалпы көлемі 418 млрд теңгеден асып, өткен жылмен салыстырғанда 51,4% өсім көрсетті.

Отандық кәсіпорындарға өнім өткізуге кепілдік беретін офтейк-келісімшарттар да айтарлықтай нәтиже беріп отыр. 2024 жылы олардың көлемі 250 млрд теңгеден асса, 2025 жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 1 трлн 64 млрд теңгеге жетті.

Жалпы, биыл жыл басынан бері 2,3 трлн теңге сомасына 1,5 мыңға жуық ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімдер жасалды. Бұл — елдің импортқа тәуелділігін азайтып, қазақстандық өндірушілердің нарықтағы позициясын күшейтуге ықпал етеді.

2025 жылғы 1 шілдеден бастап жер қойнауын пайдаланушылар стандартқа келтірілмеген тауарларды биржа арқылы сатып алу міндетінен босатылады. Бұл шешім 450 млрд теңгеден астам қаржыны реттелетін сатып алуларға бағыттап, отандық компаниялар үшін қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік берді. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша мұндай сатып алулардағы жергілікті қамту үлесі 54,4% болды.

Сонымен қатар отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу міндеттемелерін бекітетін заң да күшіне енді. Ал жаңа жылдан бастап қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі іске қосылады — ол өнімнің шығу тегін ашық растауды қамтамасыз етеді.

Үкімет қабылдап жатқан шаралар қазақстандық қамту үлесін тұрақты арттырып, отандық өндіріс үшін болжамды әрі ұзақ мерзімді өткізу нарығын қалыптастыруға бағытталған.