10 жел, 2025 сағат 14:32

2026 жылы Қазақстан экономикасында не күтеміз? – сарапшы пікірі

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

2026 жыл әлемдік және Қазақстан экономикасы үшін маңызды кезеңге айналуы мүмкін. Сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың болжамына сүйенсек, экономикалық өсім мен тұрақтылық салалар бойынша әртүрлі сипатта көрінеді. Келер жылы Қазақстан үшін салыстырмалы түрде сенімді экономикалық өсім жылы бола алады, егер мұнай бағасы мен сыртқы сұраныс тұрақты болса. Дегенмен, әлемдік деңгейдегі экономикалық баяулаулар мен инфляция тәуекелдерін ескеру қажет. Осы орайда Ult.kz тілшісі «2026 жылда экономикада қандай өзгерістер болады?» деген мәселені экономика  ғылымының кандидаты, сарапшы Сапарбай Жобаевпен бірге талдап көрді.

Экономистің сөзінше, әлемдік экономика өте күрделі жүйе, жалпы 1-2-3% өсім – қалыпты жағдай. Бірақ соңғы жылдары Трамптың АҚШ билігіне келуінен бастап түрлі тарифтік соғыстар пайда болды, оның әлемдік экономикаға кей кезеңдерде теріс әсері байқалып жатыр.


«Әсіресе сауда саласына. Тарифтер көбейсе – сауда азаяды, сауда азайса – өндіріс төмендейді, ал бұл экономикалық өсімді тежейді. Сондықтан әлемдік экономиканың дамуы ірі мемлекеттердің саяси шешімдерімен және Қытай, Оңтүстік Азия, Үндістан сияқты елдердің дамуымен тікелей байланысты. Бұған қоса Ресейдің Украинамен соғысы, Еуропаның Ресейге қарсы санкциялары да әлемдік экономикаға аз да болса теріс әсер етуде. Сөйтіп бұрынғы 3% өсімнің орнына 1,5–2% деңгейінде болуы мүмкін. Яғни, геосаяси тәуекелдер 2026 жылғы экономикалық болжамдарға да әсер етеді. Еуропа бұрын Ресейден арзан энергия ресурстарын – мұнай, газды импорттап, экономикасын қолдап отырған. Қазір олар Ресейдің арзан ресурстарына қол жеткізе алмай, АҚШ, Канада, Әзербайжан сияқты елдердің қымбат энергиясына тәуелді болып қалды. Бұл олардың шығынын көбейтеді, табысын азайтады. Бұған қоса Қытайдың арзан жұмыс күші бар, сондықтан Қытай автокөліктері өте арзан. Олар Еуропаға, АҚШ-қа және біздің елге де көптеп келіп жатыр. Ал бізде шығарылатын көліктердің өзіндік құны жоғары болғандықтан, халық Қытай көлігін таңдауда. Осы факторлардың барлығы, соның ішінде соғыс та, әлемдік экономикаға әсерін тигізуде», – дейді экономист Сапарбай Досжанұлы.



Фото: cronos.asia

Сарапшының айтуынша, Қазақстан экономикасы келесі жылы бетпе-бет келетін негізгі тәуекелдерден бұрын, негізгі бағыттарды атау керек.


«Бюджет қабылданды, онда біз 5,3% өсімге қол жеткіземіз деп жоспарланған. Президенттің 2029 жылға дейін ЖІӨ-ні екі еселеу жөніндегі стратегиялық жоспары бар. Соның аясында ұлттық бағдарламалар қабылданып, әр саладағы іс-шаралар айқындалды.Осы үлкен бағдарламалардың шеңберінде жұмыс істеп жатырмыз. Бюджеттен экономикаға көп қаржы бөлініп жатыр, бірақ бұл қаржы әлеуметтік қолдауға аз бөлініп отырғанын да көрсетеді. Экономика өссін деген мақсатпен бюджет есебінен көп қаржы бағытталуда. Бұл бір жағынан өсімге ықпал етеді, ал екінші жағынан, халықтың әлеуметтік жағдайына бөлінетін қаржының азаюын білдіреді. Биліктің кей шешімдері қоғам мүддесінен гөрі өз мүддесіне жұмыс істейтіні байқалады. Бізде таптық жіктелу күшейіп келеді: кедей – кедейленіп, бай –– байып барады. Үкіметтің басты міндеті – мұқтаж топтарға қолдау көрсету, әлеуметтік бағдарламаларды күшейту. Ал біз көбіне үлкен мемлекеттік кәсіпорындарды қолдауға қаражат бөліп отырмыз», – дейді экономист.


Осы орайда, «Ұлттық валютаға қысым қандай факторлардан туындауы мүмкін?» деген заңды сұрақ туындайды. Ал маманның айтуынша, Ұлттық валюта өте қызық тақырып. Мәселен, жыл соңында 1 доллар 540–550 теңге болады деп күтілген еді. Бірақ сол деңгейде ұстап тұру үшін Үкімет биржада ай сайын 600–700 млн доллар көлемінде валюта сатып отыр.

 

«Сол себепті доллар көбейіп кетпес үшін экспорттаушылар да валюталарын сатуда. Оның үстіне Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 11%-ға көтерді. Бұл экономикада теңгенің азаюына және инфляцияны тежеуге ықпал етті. Сол арқылы теңгеге сұраныс артып, доллар арзандап, жақында 1 доллар 504 теңгеге дейін төмендеді. Қазір 514 теңге шамасында. Теңгенің бағамы мұнай бағасына, Ресей және Қытай экономикасындағы жағдайға, рубльдің құбылуына тәуелді. Валюта тым құбылмалы болмауы керек, ең дұрысы тұрақтылық. 2001-2007 жылдары мұнай бағасы өскен кезде теңге 150-ден 120 теңгеге дейін нығайған еді. Ал қазіргі нығаю уақытша құбылыс. Бюджетте келесі жылға 540–550 теңге белгіленген. Бір-екі айдан кейін теңге сол деңгейге қайтуы мүмкін», – дейді Сапарбай Жобаев.


Ал, жалпы, жалпы «инвестициялық климатты жақсарту үшін қандай шаралар қажет?» деген мәселеге келсек, бұл баршаға белгілі: инвесторлар мемлекеттік емес, жеке секторға келеді. Себебі жеке кәсіпорынның басшысы тұрақты жұмыс істейді, ал мемлекеттік басқарушылар уақытша.


«Бүгінде әкімдерге инвестор тарту тапсырылған, бірақ әкімдер өздерінің қызмет мерзімі шектеулі болғандықтан, ұзақмерзімді жобаларға мүдделі емес. Ертең орындарынан кетуі мүмкін, сондықтан тұрақты байланыс орнату қиын. Осы жүйе өзгермейінше, инвестициялық климатты жақсарту қиын. Инвестиция негізінен шикізат секторына келеді, себебі тез пайда табуға болады. Ал өңдеу өнеркәсібіне келу үшін 2-3 жыл зауыт салып, нарыққа шығу керек, бұл ұзақ процесс. Шетел инвесторлары әкімдердің жиі ауысуынан қорқады. Сондықтан жекешелендіру жүргізілмейінше, жағдай жақсармайды. Біздің негізгі экспорт әлеуетіміз – шикізат. Жалпы экспорт көлемі шамамен 80 млрд доллар, соның 35-40 млрд доллары – мұнай. Қалғаны – газ, металл, уран, көмір және т.б. Теміржол логистикасынан жыл сайын шамамен 10 млрд доллар табыс түседі. Экспорт құрылымында шикізаттың үлесі бұрын 60-70% болса, қазір 50% шамасына дейін азайды», – дейді экономист Сапарбай Жобаев.


Сарапшының сөзінше, қалған бөлігін қызмет көрсету саласы – туризм, қаржы, білім, медицина, транспорт, логистика құрайды. Сонымен бірге дайын өнімдер экспорты аздап өсуде. Әсіресе Ресейге: вагондар, автокөлік бөлшектері және бірлескен кәсіпорындар өнімдері. Егер квазимемлекеттік секторды жекешелендіру жүзеге асса, дайын өнім экспортын арттыруға үлкен мүмкіндік туар еді. Бірақ 2012 жылдан бері айтылып келе жатқанына қарамастан, бұл бағытта айтарлықтай өзгеріс жоқ.

Ақбота Мұсабекқызы